БІЛІМ ОРДАЛАРЫНЫҢ ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҒЫ ТЕКСЕРІЛДІ

Оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осындайда білім ордаларының оқу жылына дайындығы жіті тексеріліп, атқарылған жұмыстар жайы бақыланып келеді. Мәселен, жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапары барысында аудан көлеміндегі білім ошақтарында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысып, бірқатарына ескерту жасады. Алда тұрған міндеттерге жауапкершілікпен қарауды талап етіп, сапалы әрі дер кезінде аяқтауды да тапсырды.

Биылғы жылға Ордабасы ауданы бойынша 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары алдымен Бадам ауылындағы Ә.Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектебіне барып, ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Мектеп 1978 жылы пайдалануға берілген. 640 орындық мектепте 849 оқушы білім алады. Мұнда спорт залы, акт залдарының жоғарғы қабырғасын жөндеу, ішкі еден ауыстыру, ленолиум ауыстыру, ішкі қабырғаларын қырып сылау және есік-терезелерін ауыстыру жоспарланған. Содан соң Мәдениет ауылы, Қ.Сәтбаев атындағы жалпы орта мектебіне соқты. 300 орындық білім ұясы 2009 жылы пайдалануға берілген. Мектептің сыртын қаптау жұмыстары, терезенің тұтқаларын ауыстыру, есік ауыстыру, едендерін қалпына келтіру, ішкі жарылған қабырғаларын жөндеу және жылу жүйесін реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Жұмыс сапары барысында Бейсенбай Тәжібаев Берген ауылы, К.Омаров атындағы жалпы орта мектебінің ағымдағы жөндеу жұмыстарымен танысты. 420 орындық ғимарат 2007 жылы пайдалануға берілген. 402 оқушы білім алады. Жоспар бойынша сырты қапталып, ішкі қабырғаларын әктеу, сырлау, едендерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Сонымен қатар ленолиум, ағаш еден және кафель еден ауыстырылады. Бұдан бөлек, Батыр ата ауылындағы І.Есенберлин атындағы және Амангелді ауылындағы Ғ.Мұратбаев атындағы жалпы орта мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Білім ошағының сырты қапталып, терезе-есіктері ауыстырылады. Ішкі қабырғаларын әктеу, сырлау, едендерін қалпына келтіру, ленолиум төсеу сынды жұмыстар да жоспарда бар. Ал Жеңіс ауылы, Ө.Тұрманжанов атындағы және Бөген ауылы, Б.Кенжебаев атындағы жалпы орта мектептерінің сыртқы қабырғасын металосайдингпен қаптау жоспарланған. Сапар соңында облыс әкімінің орынбасары жауапты мердігерлермен сұхбаттасып, нысанды сапалы және белгіленген уақытта аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беру керегін ескертті.