ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰЛЫҚТАЛҒАН САЙЫС ӨТТІ

Ұлттық идеологиядан ұлттың болмысы көрініс тауып жатуы тиіс. Ал ол үшін қоғамда ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүр мен институттар заман талабына сай жаңғырып, дамып отыруы керек. Бұл тұрғыдан келгенде елімізде бірқатар бастамалардың көтеріліп жатқаны белгілі. Соңғы уақыттарда қоғамның санасынан өше бастаған бірқатар жайттарды жария етуге, қайта маңызын айшықтауға бағытталған іс-шаралар сәтті ұйымдастырылып жатыр. Бұл ғана емес, отбасы инстиутын насихаттайтын шаралар да танымал бола түсуде. Бүгінгі материалымызда осы тақырып турасында тарқата баяндамақпыз…
Ұлттық болмыс пен код туралы сөз қозғасақ, әуелгілерден болып ойымызға Түркістан қаласының оралары анық. Өйткені тарихи шаһар қазіргі уақытта қазақ болмысындағы ұғымдар мен құндылықтарды насихаттауға айрықша басымдық беріп отыр. Мәселен, жуырда Түркістан қаласында салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды дәріптеген «Ене мен келін» сайысы өтті. Қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» ұйымдастыруымен өткен шараға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданынан 6 отбасы қатысты. Бұл бастаманың басты мақсаты — еліміздегі әрбір шаңырақтың тату-тәтті, үлгілі болуын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу, жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету, ұлттық салт-дәстүрімізге сай, ене мен келін шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру.
Жасыратыны жоқ, соңғы уақытта қазақ қоғамы ғасырлар бойы қолданып, өнеге ретінде көрсетіп келе жатқан бірқатар салт-дәстүр ұмыт бола бастады. Осы орайда, өшкенді жаңғыртып, өлгенді тірілту мақсатында ұйымдастырылып отырған шарада анасы мен қызындай сыйласқан қатысушылар Құрсақ тойы, Қазанжарыс, Тымаққа салу, Қырқынан шығару, Тұмар, Айдар сияқты салт-дәстүрлерімізден көрініс көрсетіп, сөз шеберліктерін танытып мақал-мәтел айтудан жарысқа түсті. Сондай-ақ шебер қолдарымен кесте тігіп, қолөнерден де кенде емес екендіктерін дәлелдеді. Ұлттық нақыштағы образда отбасылық өнер көрсетіп, сыйластығымен ерекшеленген қатысушылар арасынан жоғары ұпаймен жүлдеге ие болғандар марапатталып, сыйлықтар табысталды. Шараға өңірге белгілі азаматтар да қатысты. Мәселен, облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов ұйымдастырылып отырған сайыстың маңызы жоғары екенін атап, отбасының бірлігі – Отанның беріктігі екеніне тоқталды. Сонымен қатар отбасы институтының маңызын айшықтап, тәлім-тәрбие ісінің өзекті екенін алға тартты. Сондай-ақ шараға белсене қатысқан жандарға алғысын білдіріп, игі тілегін арнады.