ОЛИМПИАДАДА БІЛІМІМЕН КӨЗГЕ ТҮСКЕН ОҚУШЫЛАРҒА МЕМЛЕКЕТ ҚАНША СЫЙАҚЫ ТӨЛЕЙДІ?
Бүгінде елімізде білім саласының дамуына айрықша көңіл бөлініп жатыр. Оның ішінде орта білімді ілгерілету бойынша бірқатар тың бастамалар жүзеге асып келеді. Мәселен, мектептердегі орын тапшылығы кезең-кезеңмен шешімін тауып келе жатыр. Бұл ғана емес, оқушыларды ынталандыру бойынша да жүзеге асып жатқан бастамалар жетерлік. Бұған дейін тиісті министрлік халықаралық деңгейде өтетін білім бәйгелерінде өзгелерден оза шауып, жеңімпаз, жүлдегер атанған оқушыларға сыйақылар берілетінін мәлімдеген еді.
Осы орайда, жуырда Оқу-ағарту министрлігі халықаралық білім олимпиадасында жетістікке жеткен оқушыларға берілетін сыйақы көлемін жариялады. Айта кетсек, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен құрама команда мүшелері бірнеше республикалық және халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысып, 2024 жылғы Еуропа және Дүниежүзілік олимпиадаларда 100 пайыз нәтиже көрсете білді. Халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ақшалай сыйақы төленеді.
Оның көлеміне келсек, алтын медаль үшін 1500 АЕК немесе 5 538 000 теңге, күміс медаль үшін 1000 АЕК немесе 3 692 000 теңге, ал қола медаль үшін 500 АЕК немесе 1 846 000 теңге төленеді. Одан бөлек, оқушыларды дайындаған тәлімгерлеріне де марапат қарастырылған. Қош делік, мұндай игі бастаманың жемісті нәтиже беретіні айқын. Өйткені соңғы жылдары халықаралық конкурстар мен олимпиадаларда елдің намысын қорғап, атын асқақтатып жүрген жастардың саны артып келе жатыр.