ӨНЕРКӘСІП ӨНДІРІСІНДЕ ӨСІМ БАЙҚАЛАДЫ
қорытынды көрсеткіштер көңілге қонымды ма?
Қазақстан дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыруға тиіс. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік жылдары ішінде елімізде қазынаның бүйірін пайдалы қазбаларды сатудан түскен табыспен қампайтуға басымдық берілді. Содан да болар, өнім шығару ісі кенже қалды. Ал күнгейдегі көршіміз осы уақыт ішінде біршама жетістіктерге жетті десек, артық айтқанымыз емес. Қош делік, мұнайды шикізат күйінде шетке сатып, пайдасын кәдеге жаратып отыра беретін уақыт келмеске кетті. Әсіресе, соңғы әлемде орын алған геосаяси оқиғалардың салдарынан логистикалық тізбек бұзылып, мұнай өткізу де біршама қиындай түсті. Сондықтан болар, мемлекет басшысының тапсырмасы аясында өнеркәсіп өнімінің көлемін арттырып, нарыққа дайын өнім шығару ісіне басымдық беріліп келеді. Одан шыққан нәтиже қандай? Өнеркәсіп өнімінің көлемі өсті ме әлде кеміді ме? Бүгінгі материалымызда осы тақырыпты толығырақ тарқатпақпыз…
Жуырда өнеркәсіп саласындағы 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен көрсеткіштер турасындағы ресми мәліметтер белгілі болған еді. Ондағы дерекке сүйенсек, заманауи технологияларды енгізу және өндірістік процестерді автоматтандыру тиімділікті едәуір арттыруға және шығарылатын өнімнің сапасын жақсартуға мүмкіндік берген. Нәтижесінде биылдың алғашқы 5 айында металлургия өнімінің өндірісі 54,2 пайызға артқан. Бұл нәтижеге ферроқорытпалар, өңделмеген алюминий, өңделмеген қорғасын және тазартылған мыс өндірісінің ұлғаюы себеп болып отыр. Қазақстан қара және түсті металдарды экспорттау бойынша әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіреді. Сәйкесінше, соңғы уақытта бұл өнімдерге деген сұраныс та артып келеді. Мәселен, 2024 жылдың алғашқы 4 айында сала экспорты 8,3 пайызға өсіп, 4,7 млрд АҚШ долларын құраған. Сұранысқа сәйкес ұсыныс та көбейіп келеді. Нақтырағы, металлургия өнеркәсібінде жұмыс істейтін кәсіпорындар қатары толыға түскен. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, қазіргі таңда елде 442 металлургиялық компания жұмыс істейді, оның ішінде 26-сы – ірі кәсіпорындар. Аталған салада жұмыс істейтін азаматтардың жалпы саны шамамен 85,6 мың адамды құрайды.
Химия өнеркәсібінде де ілгерілеу байқалады. Әсіресе, соңғы жылдары салаға тартылатын инвестиция көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, биылдың қаңтары мен мамыры аралығында саланың негізгі капиталындағы инвестиция 68,4 млрд теңгені құраған. Бұған Павлодар облысында техникалық кремний өндірісі, Түркістан облысында сутек асқын тотығы, Атырау облысында сұйық азот және басқа да негізгі бастамалар бойынша жобалардың іске қосылуы әсер еткен. Бұл ғана емес, биылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 9 жаңа шағын кәсіпорын жұмысын бастаған. Осылайша 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстандағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 814,4 млрд теңгеге жетті. Әрине, осы уақыт аралығында еліміздегі көлік индустриясында да бірқатар жетістіктер тіркелді. Нақтырағы, біз сөз еткен мерзім ішінде елімізде барлық типтегі 62 435 автокөлік, оның ішінде тіркемелер мен жартылай тіркемелер, 57 055 жеңіл автокөлік және 1 090 автобус шығарылды. Барлық автомобиль өнеркәсібі мекемелері ірі тораптық жинақтаудан ұсақ тораптық жинақтауға көшті. Сонымен қатар қазіргі уақытта автомобильдер мен кабиналарды дәнекерлеу және бояу бойынша заманауи технологиялық операциялар қолданылып жатыр. Ұсақ тораптық әдіспен өндіру жыл сайын 10 пайызға артып отырады. Жеңіл автокөлік өндірісімен айналысатын барлық зауыттар халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен, оның ішінде роботталған жүйелермен қамтамасыз етілген.
Құрылыс материалдары, жиһаз, ағаш өңдеу мен жеңіл өнеркәсіпте де бірқатар тың өзгерістер байқалады. Бұған дейін мемлекет тарапынан отандық өндірушілерді қолдау мақсатында бірқатар тың бастамалар енгізілген еді. Мұның өзі салалардың дамуына серпін берді десек, артық айтқанымыз емес. Мәселен, жиһаз өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі алғашқы 4 айда 31,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 130,4 пайыздық өсімді көрсетуде. Салаға 1,6 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылғанын да айта кетейік. Жеңіл өнеркәсіпке ойыссақ, бірінші жартыжылдықта өнеркәсіп өнімінің көлемі 95,7 млрд теңгені құрады. Киім өндірісі де өркендеп келеді. Өсім 11,5 пайыз шамасында. Бұл ғана емес, 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында жеңіл өнеркәсіп өнімінің экспорты 67,3 млн АҚШ долларына жетті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 69 пайызға артық. Негізгі экспорттық тауарлар арасында трикотаж өнімдері, майкалар, жейделер, сөмкелер мен қаптама пакеттері бар. Ресей, Түркия және Қытай негізгі өткізу нарықтары ретінде тіркелгенін де қоса кетейік. Салаға алғашқы 6 айда 4,2 млрд теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар киім өндірісіндегі инвестициялар 6,7 есе артып, 1,3 млрд теңгеге жеткен, ал тері және тері өнімдері өндірісіндегі инвестициялар 3 есеге немесе 94 млн теңгеге дейін артты.
Қош делік, ресми деректерге сүйенсек, салалардағы жұмыс қарқыны артып, өндірілген өнім көлемінде өсім байқалады. Дегенмен мұның барлығы іс жүзінде қағаз бетіндегі есеппен үндесе ме әлде әлдебір айырмашылықтар бар ма, ол жағы белгісіз. Бір ғана нәрсе айқын, еліміздің өнеркәсібі өркендеп, салалары цифрланып жатқан дамыған елдермен терезесі тең тұруына әлі біраз уақыт бар. Тіпті, тәуелсіздігін Қазақстанмен қатар алған кей елдерге жетіп алудың өзі қазір қиын болып отыр. Қоғамның тамырына сіңген жемқорлық пен бюрократия, қала берді сыбайластық сынды мәселелер жойылмайынша, қарыштап дамуымыз мүмкін емес тәрізді. Анығы уақыттың еншісінде…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.