МАҢЫЗДЫ МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Шымкент қаласында инвесторларға жайлы орта қалыптастыру бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Қазіргі уақытта қала аумағында бірнеше индустриалды аймақ сәтті жұмыс істеп жатыр. Бұл ғана емес, шетелдік ірі компаниялармен келіссөздер жүргізу ісі қарқын алған. Жуырда дәл осындай маңызды келісімнің бірі турасында тарқата баяндаған едік. Бұл бағыттағы жұмыстар қазіргі уақытта да жалғасып жатыр.
Жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Guyi Holding Company» құрамына кіретін компания өкілдері үш меморандумға қол қойды. Маңызды келісімдер мегаполис басшысының Сиань қаласына сапарының нәтижесінде жүзеге асып отыр. Олардың қатарында электромобильдер шығаратын зауыт құрылысы және ағын суларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін цифрлық жабдықтар шығаратын зауыт салу туралы алдын ала келісімдер, сондай-ақ қаланы көріктендіруге бағытталған жобаларды әзірлеу және қолданысқа енгізу туралы меморандум бар. Жуырда қала әкімі инвесторларды аумағында электромобильдер шығаратын зауыт құрылысы жоспарланып отырған «Жұлдыз» индустриалды аймағымен таныстырды. Ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланған.
Бұл меморандумдар тек Шымкентте ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында да электромобиль өндірісін дамытуға септігін тигізетін стратегиялық маңызды қадам саналады. Қала басшысы инвесторларға сенім білдіргені үшін алғыс айтып, әкімдік тарапынан тиісті қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді. Айта кетейік, бұл халықаралық деңгейде қол жеткізіп отырған алғашқы маңызды құжат емес. Бұған дейін қытайлық кәсіпкерлер бірқатар салалардың дамуына тың серпін беретін бастамалар бойынша келісімге келген болатын. Мұның өзі өңірде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.