«ТАБЫСТАН 2 ЕСЕ КӨП АҚША ЖҰМСАЙМЫЗ»
Ұлттық қор ортайып қалмай ма?
Соңғы жылдары елімізде Ұлттық қордан ақша алу процесі жеделдеді. Мұны жуырда Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та растады. Нақтырағы, «Талдау мектебінің» үшінші буыны әзірлеген Қазақстанның орнықты дамуына арналған сараптамалық жинақтың таныстырылымында Сенат спикері Ұлттық қор ақшасын үздіксіз пайдаланудың экономикаға әсері туралы пікір білдірді.
Атап айтсақ, «Біз табысымыздан екі есе көп ақша жұмсаймыз. Қосымша қаражат қайдан келеді? Ұлттық қордан және борыштардан. Осы шығындардың әсерінен инфляция мен бағаны асқындырып жатырмыз. Сәйкесінше, Ұлттық банк те пайыздық мөлшерлемені көтеріп отыр. Бұл елдегі кәсіпкерлікті шектеп, экономиканың дамуын тежейді» деді Сенат спикері.
Мәулен Әшімбаев Ұлттық қорға түскен доллардың бір бөлігін ай сайын теңге бағамын тұрақтандыру үшін сатуға тура келіп отырғанын да еске салды. Айтуынша, проблеманың екінші бөлігі бар. Оның салдары тіптен салмақты болуы мүмкін. Бюджетке трансферт бөлу үшін ішкі валюта нарығына Ұлттық қордан доллар сату керек. Тағы да сұраныс пен ұсыныс заңы іске қосылады. Осылайша теңгенің бағасын қолдан өсіріп отырмыз. Бұл жаман емес шығар. Бірақ оның тиімділігі қандай? Артық бағаланған теңге деген – қымбат экспорт, арзан импорт. Яғни, біздің тауар өндірушілер Қытай мен Ресейдің, Түркияның өндірушілеріне қарағанда тиімсіз жағдайда қалады деген сөз. Бағадан ұтылып жатқандықтан ішкі өндіріс пен өнеркәсіп өспейді.