МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгінде елімізде жастар арасында ауқымды мәселелерге ұрындырып отырған түйткілдер баршылық. Тіпті, кейбірі мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып отыр. Жасыратын несі бар, қазіргі уақытта ащы суға әуестік пен нашақорлықты былай қойғанда, өзіне өзгелерді тәуелді етіп отырған мәселелер жеткілікті. Солардың бірі ретінде – құмар ойындарды атап айтуға болады. Бұл түйткіл елімізде біраздан бері қозғалып келе жатыр. Тіпті, мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда бұл тақырыпқа арнайы тоқталып, тиісті тапсырмаларды берген болатын. Сәйкесінше, аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Әсіресе, Мәжіліс депутаттары арнайы заң қабылдау барысында әлеуметпен тілдесіп, өзекті мәселелеріне құлақ асқаны бар. Осы орайда, жуырда Түркістан қаласында мәжілісмендердің қатысуымен арнайы жиын өтті.

Тарқата баяндайтын болсақ, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Балабиев Қайрат, Байтілесов Нұрсұлтан Түркістан қаласында болып, жергілікті жастармен кездесті. Жастардың талап-тілегін тыңдау үшін Түркістан облыстық жастар орталығында арнайы кездесу өткізді.
Аталмыш кездесуге Түркістан облыстық мәслихат депутаттары Арыстанов Сүлеймен, Шойбеков Бекарыс, Инара Намазбаева және Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы да қатысты. Кездесу барысында халық қалаулылары қазіргі таңдағы қоғамда белең алған мәселелердің бірі лудоманияға қатысты заңнамалармен таныстырды. Атап айтатын болсақ, құмар ойындарға қатысудан және бәс тігуден өз бетінше шектеу бойынша қызмет цифрлық форматқа ауыстырылып, енді «eGov mobile» қосымшасында қолжетімді болды. Бұдан былай Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ҚР аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер «eGov mobile» мобильдік қосымшасы арқылы 6 айдан 12 айға дейінгі мерзімге өздерінің құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуын ерікті түрде шектеуге өтініш бере алады. Жаңа қызмет өтінімдерді өңдеуге кететін уақытты айтарлықтай азайтады және құмар ойындардан бас тарту процесін жеңілдетеді. Бұл кез-келген азаматқа, әсіресе, шамадан тыс ойнауға бейім адамдарға, ҚР юрисдикциясы аясында лицензия алған барлық ресми ойын алаңдары мен онлайн-букмекерлік платформаларды қолдануды шектеуге мүмкіндік береді. Мәжіліс депутаттары осы және өзге де жаңашылдықтар туралы тарқата баяндап өтті. Сондай-ақ жиын барысында жастардың талап-өтініштерін тыңдап, олардың тарапынан қойылған көкейтесті сұрақтарына жауап берді.
Айта кету керек, жуырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң арқылы халықтың ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізіледі. Атап айтқанда, құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға немесе бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады. Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға я болмаса бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың немесе бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді. Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино -, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады.
Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға, спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде, спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде, сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады. Өскелең ұрпақтың денсаулығын энергетикалық сусындардың зиянды салдарынан қорғау үшін мұндай сусындарды 21 жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады. Соңғы бастама бұған дейін Мәжіліс мінберінен көтерілген еді. Міне, сонда мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев «Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметіне қарағанда, қазір кәмелетке толмаған 200 мыңнан астам адам тұрақты түрде құмар ойын ойнаған. Бұл жасөспірімдер де энергетикалық сусындарды ішіп отырып, бәс тігулері мүмкін. Энергетикалық сусындар алкогольден де қауіпті болды. Қазір 10 жасар бала да энергетикалық сусынды оңай сатып алады. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 21 жасқа толмаған адамдарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды» деп атап өткен еді.
Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта елімізде құмар ойынның құрығына түскендердің қатары қалың. Бұл тіпті әлемнің алпауыт мемлекеттерінде де ауқымды мәселеге айналып отыр. Мәселен, АҚШ-тағы құмар ойындар проблемаларымен күрес жөніндегі қауымдастықтың зерттеуіне сүйенсек, әлемдегі кез келген қала тұрғынының аяқ астынан қылмыскерге айналуы 6 пайыз болса, маскүнемге айналуы 34 пайыз, нашақорлыққа салынуы 32 пайызды көрсетсе, ойынқұмар болуы 48 пайызға жетеді екен. Өкініштісі, бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп барады. Ал біздің елде орта есеппен 350 мың адам құмар ойынның құрбанына айналса, олардың орташа қарызы 10 млн теңгеден асады. Сондай-ақ әрбір 10 жұптың 7-еуі құмар ойынның кесірінен ажырасады екен. Сондықтан мемлекет басшысының өзі аталған тақырыпқа арнайы тоқталып, арнайы заң жобасының қабылдануына түрткі болған еді. Демек заң жобасы алдағы уақытта өткір мәселенің кең таралуына тосқауыл болуы шарт.