ЖАСТАРДЫ ҚЫЛМЫСҚА БАСТАЙТЫН ТҮРЛІ ЖОЛДАР ЖАЙЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қазіргі уақытта жастар саясаты жоғары қарқынмен дамып келеді. Еліміздің әрбір өңірінде жастар орталықтары белсенді жұмыс істеп жатыр. Мұндай орталықтар қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мен жастарға түрлі бағыттарда кеңес беруді қолға алған. Осының арқасында кәсіп ашып, нәсібін көріп жатқандардың қатары қалың. Бұл ғана емес, белсенді жастар өзекті мәселелермен күресуге де күш салып келеді. Оның ішінде қоғам арасында түрлі қылмысқа бастайтын лудомания, нашақорлық сынды түйткілдер бар.

Осы орайда, жуырда Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен Отырар ауданында келеңсіз жағдайлар мен жат қылықтардан зардап шеккен жастарға психологиялық көмек көрсету мақсатында «Қылмыссыз — болашақ!» атты құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша семинар-тренинг өткізілді. Бүгінгі күнгі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, зорлық-зомбылықтың алдын-алу, қылмысқа бастайтын кеселді дүниелермен күресу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Семинар-тренингте «Komek center» тәуелділікті оңалту және емдеу орталығының психологы, педагогика ғылымдарының магистрі, практик-психолог Тұрсынбаева Айсұлу Полатқызы және «Қоғамдық даму және психологиялық көмек көрсету» бөлімінің басшысы Кипчакбаева Гулнур Бейсенқызы жастарға қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша кеңес берді. Құқықбұзушылық – қоғамға зиян келтіретін және заң бойынша жазаланатын қоғамға қарсы әрекет. Сәйкесінше, жаза басып, өзгенің құқығына қол сұққандар заң алдында жауап береді.
Жиын барысында қылмысқа бастайтын түрлі жат қылықтар турасында да айтылды. Спикерлердің сөзінше, қазіргі таңда алаяқтыққа бастайтын кеселдердің қатарында лудомания, нашақорлық және ащы суға әуестік деген түйткілдер бар. Осының кесірінен қаншама жас талапқа томпақ келетін әрекеттерге барып жатыр. Мәселен, құмар ойынға құмартушылар ақша табу мақсатында айналасындағыларға өтірік айтып, ақша алуды әдетке айналдырады. Уақыт өте баршаның сенімінен шыққаннан кейін ұрлық жасау сынды қылмысқа барып жататыны бар. Сондықтан да мұндай кездесулердің маңызы мен міндеті жоғары. Тақырыпқа тұздық болсын, жуырда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Осы орайда, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қабылданған ойын бизнесі мәселелері туралы жаңа заңға қатысты пікірін білдірді. Ол сөзінде «Бүгін Президент лудоманияға қарсы күреске қатысты заң актілеріне түзету енгізу туралы құжатқа қол қойды. Бұл – Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамаларды жүзеге асыру аясында қабылданған бесінші заң. Мемлекет басшысы Атырауда сөйлеген сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі деп атап өтті және тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырды. Заң жобасы түрлі пікірталас алаңында талқыланып, оған депутаттар, Ұлттық құрылтайдың және Жастар жөніндегі кеңестің мүшелері қатысты. Мамыр айында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, оның ережелері жаңа заңның нормаларымен үйлесім тапты. Парламент депутаттарының ұсынысымен қабылданған бұл құжатта құмар ойындарын ойнауға рұқсат берілген адамдардың санын азайтуды көздейтін жүйелі іс-шаралардың біртұтас кешені қарастырылған. Сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салынған» деп атап өтті.