ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ

Елімізде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Өңірлерде тұрғындармен өтетін кездесулер жиілеген. Мәселен, Шымкент қаласында аталған тұжырымдама аясында қала әкімі тұрғындарды қабылдап, мәселелеріне құлақ асып келеді. Бұл ғана емес, шаһарға қарасты шағынаудандар мен елді мекендерге табан тіреп, тұрғындардың өзекті мәселесіне құлақ асуда.

Осы орайда, өткен аптада Шымкент қаласы әкімдігінде кезекті рет азаматтарды бірыңғай қабылдау өтті. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков және орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары тұрғындардың баспана, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, әлеуметтік сала және жер мәселелеріне қатысты арыз-шағымдарын қарастырды. Жауаптылар барлық өтініштер бойынша егжей-тегжейлі түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Кезекті қабылдауда 100-ден аса тұрғынның арыз-шағымы пысықталып, тиісті шешімдер қабылданды. Мұндай шаралар мәселелерді оңтайлы шешуге ғана емес, сонымен қатар халықтың ең күрделі проблемаларын анықтауға да мүмкіндік береді. Белгілі бір уақытты қажет ететін сұрақтар қала басшысының жеке бақылауына алынды. Ғабит Сыздықбеков жауаптыларға азаматтармен кері байланысты күшейту бойынша, бірқатар тапсырмалар берді.