ШЕТЕЛДІК БЛОГЕРЛЕР ҮШІН ТУРИСТІК НЫСАНДАРҒА ТУР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Бүгінде әлем жұртшылығы туризм саласын дамытуға айрықша көңіл бөліп келеді. Бұл саланың дамуы өзге салалардағы даму үрдісін жеделдетеді. Сондықтан да шетелдік саяхатшыларды тарту мақсатында бірқатар тың бастамалар көтеріліп келеді. Оның ішінде Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Жасыратыны жоқ, қазіргі уақытта миллиондаған оқырманы бар танымал блогерлер көп. Олардың назарын қалаға аудару арқылы да туризмге серпін беруге болады. Сондықтан бұл бағытта үшінші мегаполисте айрықша жоба қолға алынды.

Жалпы қаланың имиджін арттыру арқылы туристердің санын көбейтудің бірден-бір жолы – туристік нысандарды жарнамалау. Осы орайда, үшінші мегаполиске танымал шетелдік блогерлер шақырылды. Қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасының ұйымдастыруымен өткен 3 күндік іс-шараға Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Латвия, Мысыр, Өзбекстан, Қырғызстан және еліміздің бірқатар өңірінен келген 30 travel-блогер қатысты. Олар Ибрагим ата, Қарашаш ана кесенелерін, Қошқар ата өзенін, Сейітжан Қари мешітін, Дендропарк пен Зоосаябақты және Цитадельді аралап, өз парақшаларында қаланың туристік нысандары туралы материалдар жариялады.
Әрбір блогердің 30 мыңнан бастап 400 мыңға дейін оқырманы бар. Осы орайда, оларға гастрономиялық дәстүрлі қазақ тағамдары, мұражайлар, креативті арт-кешендер мен саябақтар, өндірістік зауыттар таныстырылды.