ТҰРҒЫН ҮЙДІ ЖАЛҒА АЛУ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ
Еліміздегі ең өзекті мәселенің бірі – баспана. Жасыратыны жоқ, бүгінде үйге жарымай жүргендердің қатары қалың. Айлық табысынан тиындап жинап, баспана сатып алуды мақсат етіп отырғандардың да саны көп. Қазіргі уақытта үйлі болуға көмектесетін бірқатар бағдарламалар бар. Олардың талаптары да жоғары. Бұл аз десеңіз, нарықтағы баға да өсіп барады. Жуырда баспана бағасының өсіміне қатысты ресми дерек жарияланған еді. Тарқатайық…
Елімізде бір жылда жаңа тұрғын үйді сату бағасы 2,2 пайызға, ал қолданыстағы пәтерлерді қайта сату 1 пайызға өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 5,2 пайызға жоғарылады. Өңірлер бөлінісінде жылдық мәнде жаңа үйлер бағасы Ақтөбеде 9,5 пайызға, Талдықорғанда 7,2 пайызға, Қызылордада 7,1 пайызға қымбаттаған.
Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің көшін 14,4 пайызбен Атырау, 6 пайызбен Астана қалалары бастаса, тұрғын үйді жалға алу нарығында 28,1 пайыз өсіммен Талдықорған, 24,6 пайызбен Қарағанды, 22,6 пайызбен Жезқазған және 22,5 пайызбен Петропавл қалалары алдыңғы қатардан көрініп отыр. Бір айдың ішінде қолданыстағы пәтерлерді қайта сату 0,6 пайызға өссе, жаңа тұрғын үйді сату 0,4 пайызға артқан. Демек баспана бағасының жуық арада арзандай қоюы неғайбыл. Өйткені сұраныс болмаса, құрылыс қарқыны өспейді. Ал қазіргі жағдайда құрылыс компанияларының дегені жүріп тұр.
С.НҰРАЙ.