ӨҢІРДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ БОЙЫНША АУҚЫМДЫ МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы басталды. Атап айтқанда 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында баяндалды.

Облыс әкімінің орынбасары денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жандандыру керектігін айтып, кейбір нысандарда құрылыс жұмыстарын тездетіп, ғимараттардың сапалы салынуын қадағалауды тапсырды. «Түркістан облысы үшін денсаулық сақтау саласын дамыту ең маңызды мәселе болып отыр. Жалпы өңірде медициналық орталықтардың жетіспеушілігі шешу маңызды. Кейбір ауылды аймақтарда денсаулық нысандарының жоқтығы анықталған. Өңірде 49 медпункттің құрылысын жүргізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ауыл аймақтардағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Уақыт тығыз. Сондықтан тиісті басқармалармен құрылыс нысандарының басына барып, мердігерлермен кездесіп, іргетасын құю, құрылысқа кедергі келтіретін мәселелерді тиісті басқармалармен шұғыл анықтап, қателіктерді жойып, жұмысты ширату керек. Бірқатар аудандарда тиянақтылық бар. Кестеден кешіккен аудандарға және талапқа сай құрылыс жүргізбеген мердігерлерге шара қолданылады» деді облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев.
Бүгінгі таңда «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Баққоныс, Төрткөл, Көкпарсай елді мекендерінде 3 ФАП құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 27 жобаға республикалық және жергілікті бюджеттен қаржысы қаралып, конкурс жарияланды. Жеңімпаз анықталып, келісімшарт түзілді. Қалған нысандар бойынша мемлекеттік сатып алу процесі өткізілуде. Аталған нысандар жыл соңына дейін пайдалануға тапсырылуы тиіс.