КЕНЕДЕН КЕЛЕР ҚАУІП КӨП
Конго – Қырым геморрагиялық қызбасы (КҚГҚ) – бұл вирус қоздырғышынан туындайтын аса қауіпті жұқпалы ауру, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда, өлім жағдайына әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұл туралы Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлады.
Конго – Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының негізгі клиникалық көріністері — инкубациялық кезең (ауру қоздырғышын жұқтырғаннан – аурудың алғашқы белгілерінің пайда болуына дейінгі мерзім) 1-14 күнге дейін созылады. Бұл кезеңнің ұзақтығы вирусты жұқтыру жолына байланысты. Аурудың алғашқы белгілері дене қызуының кенеттен 39-40 градусқа дейін көтерілуімен, қатты бас ауыруымен, көздің қызаруы, бет, мойын және дененің жоғарғы бөлігінің қан кернеуімен және мойын, арқа, белдің ауыруымен, лоқсу немесе құсу, іш ауыруы немесе өтуі, ал ауру одан әрі дамыған жағдайда денеде бөртпелердің пайда болуы, мұрыннан, қызыл иектен, жатырдан, асқазаннан қан кету белгілерімен, ине енгізу орындарында қанталау (гематомалар) белгілерінің байқалуымен сипатталады.
Негізгі жұқтырушы және ауру қоздырғыштарын тасмалдаушы кене, сонымен қатар жабайы және үй жануарларының ағзасында да ауру қоздырғыштары болады. Адамның ауруды жұқтыруы жұқпаланған кенемен қатынаста немесе кене шаққан жағдайларда және қанында вирусы бар жануарларды сою кезінде, сондай-ақ науқас адамға күтім жасау кезінде немесе мәйіттің қанымен, сұйықтығымен және ағза бөлінділерімен ластанған медициналық құралдар арқылы жанама байланыс арқылы жұғуы мүмкін.
Аурудың алдын алу үшін табиғи ошақ аумағында орналасқан елді мекендердегі жануарларды, қора-жайлар мен үй жайларының аумағын кенеге қарсы залалсыздандыру, табиғи ошақтарда орналасқан тұрғындар малдарды күтіп қарағанда және қырқым кезінде кенелердің шабуылынан және кене қанымен жанасуды болдырмау мақсатында жеке қорғану үшін арнайы киім кию, табиғатқа демалысқа шыққанда кененің жабысқаны көрінетін ашық түсті жақсы қорғалған резеңкелі манжетті жеңі ұзын көйлек кию қажет. Денеге кененің жабысқанын тексеру үшін өзіңіз және өзіңізге байқалмайтын орындарды бір-біріңізге көрсетіп, мұқият болыңыз. Дененің ашық жерлеріне және киімге кенелердің шабуылынан қорғайтын немесе оны өлтіретін арнайы сақтану құралдарын қолдану қажет.
Айта кетейік, денеге қонған кене бірден қадалмайды, сондықтан оны уақытылы алып тастау ауру жұқтырудың алдын алуы мүмкін. Кенені алып тастаудың қауіпсіз әдістемесін естен шығармаңыздар. Ол үшін кенені жалаңаш қолмен ұстамаңыздар, өйткені жұқпалы ауру агенті шырышты қабықтар немесе терідегі зақымданған жерлер арқылы енуі мүмкін. Осындай сақтық әсіресе кенелерді үй жануарларынан алып тастайтын адамдар үшін қажет. Ұшы өткір пинцетті пайдаланыңыз немесе саусақтарыңызды резеңке қолғаптармен немесе қолғап болмаса, матамен қорғаңыздар. Кәдімгі пинцетпен оны теріге мүмкіндігінше жақындата отырып, іліп алу қажет. Пинцетті қатты қыспай, шайқалтпай, ақырын және жұлқыламай абайлап тарту керек, өйткені бұндай жағдай кененің ауыз бөлігінің бөлініп теріде қалып қоюына әкелуі мүмкін. Егер олай болса, ауыз бөлігін пинцетпен іліп, тартып шығару керек. Кенені тартып алғаннан кейін шаққан жерді спиртпен, йодпен өңдеңіз және қолыңызды сабындап жуыңыз. Кенеге ацетон, керосин, май және басқа да сұйық құюға, сондай-ақ оны теріден бөлу үшін кенені ысытуға мүлдем болмайды. Сіздің міндетіңіз – оның өзі түсіп қалуын күтпей, кенені мүмкіндігінше тез алып тастау. Ауру жұқтыру қаупін азайту үшін уақыттың маңызы зор екендігін ұмытпауымыз қажет.