КӨКЖӨТЕЛ АСҚЫНСА, ҚАУІПТІ АУРУЛАРҒА ҰРЫНДЫРУЫ МҮМКІН

Жедел тарайтын жұқпалы аурулардың бірі – көкжөтел. Бұл ауру жоғарғы тыныс жолдарының бактериялық инфекциясы саналады. Мұның алдын алудың бірден-бір шарасы – вакцина салдыру. Десе де әлеумет арасындағы сан түрлі дақпыртқа ілескен кей отандастарымыздың бұған асықпайтыны белгілі. Жуырда Алматыдағы №36 қалалық емхананың педиатрия бөлімінің меңгерушісі бірқатар маңызды сауалдарға жауап берген болатын. Енді соған ойысайық…

Дәрігерлердің айтуынша, көкжөтел балалар мен жасөспірімдерге үлкен қауіп төндіреді. Алайда ересектерде аурудың асқынуы төмен, себебі ол балалық шақта алған екпеден кейінгі иммунитеттің дамуымен байланысты. Егер екпе жасалмаса, инфекция ауыр түрде өтеді. Дерттің белгілері турасында тарқата баяндаған Динара Қайыпова «Көкжөтелге тән белгілер инфекция жұқтырғаннан кейінгі 10-14 күннен кейін дами бастайды. Ауру бірнеше даму сатысынан өтеді. Катаральды кезеңде суық тиюге ұқсас белгілер байқалады, яғни дене ыстығының көтерілуі, мұрыннан су ағу, түшкіру мен құрғақ жөтел. Келесі сатысында ауру спазматикалық жөтелмен қарқынды түрде дами бастайды.
Жөтел науқасты әсіресе түнгі және таңғы уақыттарда мазалайды. Шулы ысқырықты сырыл естіледі. Жөтел ұстамалары ауаны жұтусыз басталып, дем алғанда көмей ысқырығымен аяқталады. Оттегінің жетіспеуінен бет қызарып ісінеді. Нәрестелерде спазматикалық жөтел тыныс алудың тоқтап қалуымен бірге жүреді, жалпы құрысу орын алуы мүмкін. Ауыра бастағанда қақырықтың жоғары тұтқырлығына байланысты бронх жеткіліксіздігі байқалады. Балаларда көкжөтелдің белгілері орта есеппен 4-6 апта бойы белсенді болады. Емдеу кезеңі 3-4 айға дейін созылады, бұл кезде қалдық жөтел бірте-бірте басылады» дейді.
Дәрігер көкжөтелді алдын алудың ең тиімді жолы — иммундық жүйені нығайту, вакцина алу және дер кезінде диагноз қою екенін атап өтті. Статистика бойынша жасөспірімдердің 40%-ы диагнозы қойылмаған көкжөтелге байланысты жөтеледі екен. Ересектерде бұл созылмалы жөтелдің қоздырғыш факторы болады. Инфекцияның тұрақты түрде таралуы қоршаған ортада балалар мен ересектердің ауруды ары қарай жұқтыруына әкеледі. Динара Қайыпованың айтуынша, көкжөтел белгілері байқалса, ауруханаға жатқызу қажет болуы мүмкін.
Дәрігердің шешімі науқастың жасына және жағдайына байланысты болады. Негізгі асқыну — бактериялық инфекцияның қайталанып дамуы. Көкжөтел асқынған жағдайда келесі диагнозға айналуы мүмкін — бактериялық пневмония, өкпенің коллапсы, плеврит, бронхит, жарылған құлақ қалқаны, отит және синусит, грыжаның қалыптасуы, қабырғаның сынуы. Осыған байланысты вакцина алу — ауыр зардаптарға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін қауіпті жұқпалы аурулардан қорғанудың тиімді құралы болмақ. Көкжөтел — қауіпті ауру екенін есте ұстаған жөн. Уақтылы вакцина алу және дәрігерден кеңес алу — ауру мен асқынудың алдын алады.