МЕМЛЕКЕТТІК АКТИВТЕРДІ БЕРУ ТӘРТІБІНІҢ ЗАҢДЫЛЫҒЫ ТЕКСЕРІЛЕДІ

Әділетті қоғам құру үшін мемлекетте заң үстемдігі орнап, жүйе ашық болуы тиіс. Яғни жергілікті жерде атқарылып жатқан жұмыстар мен қолға алынған бастамалар турасында бұқараны хабардар етіп отырудың маңызы мен мәні айрықша. Дәл осындай қадамдар билік пен бұқара арасын жақындатады. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкентте қолға алынып жатқан шаралар шаш-етектен.

Мәселен, жуырда ғана Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жекешелендірілген және сенімгерлікке берілген мемлекеттік активтердің беру тәртібінің заңдылығын тексеру жөніндегі жұмыс тобын құру туралы өкім шығарды. Құрылған жұмыс тобының құрамына қала әкімінің орынбасарлары, қалалық құқық қорғау органдарының басшылығы, қоғамдық кеңес мүшелері және басқа да заңдылыққа жауапты мекеме өкілдері енгізілді. Жұмыс тобы бұрын мемлекетке тиесілі болған, кейіннен жеке меншікке немесе сенімгерлік басқаруға берілген қаладағы жер телімдері, ғимараттар, саябақтар немесе басқа да нысандардың беру тәртібінің заңдылығын анықтайды.
Бұдан бөлек, бұл жұмыс тобы алдағы уақытта да мемлекеттің меншігіндегі мүліктердің жеке меншікке заңсыз беріліп кетпеуін қатаң қадағалайды. Бұл жөнінде қала әкімі «Жұмыс тобының іс-әрекеті барынша ашық және әділетті болуын өзім тікелей бақылауда ұстаймын» деп атап өтті. Айта кететін мәселе, осы уақытқа дейін заңға сәйкес алған мүліктер мен жер телімдері иелерінің алаңдауына негіз жоқ. Себебі аталған жұмыс тобы мемлекеттік мүлікті заңсыз иемденген тұлғаларға ғана қатысты жұмыс жүргізеді.