ДЕНДРОСАЯБАҚ АУМАҒЫН АБАТТАНДЫРУ ІСІ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

Шымкентте күзгі ағаш отырғызу маусымына орай, 51 348 дана жай жапырақты, 9 586 дана қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылады. Қазіргі таңда жалпы саны 20 мыңнан аса ағаш көшеттері отырғызылған. Жұмыстар желтоқсан айында толығымен аяқталады. Бұл туралы Шымкент қаласы қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Оңғар Әбілқайырұлы Бақытқали ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен баспасөз конференциясында айтты.

Сонымен қатар спикер ағымдағы жылы мемлекеттік-жекешелік әріптестік тарапынан қысқы маусымға 155 арнайы техника дайындалғанын мәлімдеді. Осылайша өткен жылмен салыстырғанда қар күреуге арналған техникалар саны 87 данаға ұлғайтылған. Қалың оқырманның жадында болса, Шымкент қаласы мегаполис мәртебесін алған соң, 2023 жылғы 31 шілдеде А.Асқаров атындағы Шымкент мемлекеттік дендрологиялық саябағына жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ мәртебесі берілді. Қазіргі таңда, дендросаябақта 214 түрлі ағаш-бұталардың түрінен тұратын 74 мыңнан астам ағаш бар.
Бүгінде Дендросаябақ аумағыдағы өрттің алдын-алуға және қауіпсіздік шаралары үшін 10 дана өрт қалқаншалары мен рация алынған. Саябақ аумағындағы ағаш-бұталардың аттарын жазуға және қауіпсіздік үшін 435 тақтайша қойылып, саябақ аумағын көгалдандыру үшін 3000 түп раушан гүлі мен 4000 түп петуния гүлі отырғызылған. Сонымен қатар ғылыми аймақта орналасқан жылыжай арнайы кленкамен жабдықталып, қыс мезгіліне дайындығын бастап кеткен. Жылыжай аумағында 30-дан астам ағаш-бұталардың түрлері өсірілуде. Олардың қатарында гинко, каркас, эводия, анар, лапина, хилокатальпа, барбарис, ленкоран альбициясы, қызыл арша және өзге де өсімдіктер бар.
Бұдан бөлек, Дендросаябақ аумағындағы жарықшамдар және кабельдер толығымен ауыстырылып жаңартылған. Ағаш-бұталы екпелердің жай-күйін түгендеу, бағалау және топырақ құрамын анықтау мақсатында сараптама да өткізілген. Оның қорытындысына сәйкес, жалпы ағаштар саны — 74 560 түп, бұталар саны — 4 615 түп, ал ағаш-бұталардың гендік қоры 214 түп екендігі анықталды. Дендросаябақтың көл аумағындағы балық түрлерін көбейту үшін жалпы салмағы 200 келі болатын 3 түрлі шабақ жіберілді. Сондай-ақ саябақ аумағына демеушілер есебінен заманауи үлгідегі спорт алаңшасы салынды.
Саябақ аумағындағы бос жатқан жерлерді көгалдандыру мақсатында Самал қақпасы аумағындағы 4 га жерге көктемде 1303 түп шабдалы, өрік, алма, жүзім сияқты жеміс ағаштары мен 87 туя книжная қылқан жапырақты ағашы егілген. Спикердің айтуынша, күз мезгілінде дендросаябақ аумағына 187 каштан, 100 сирень, 44 жыңғыл, 70 сумах отырғызылды. Күз маусымында молайту жұмыстары үшін каштан, емен, долана, қызыл ағаш, птелея, сабын ағаш, сірке ағашы, үйеңкі, шаған, тау пісте, калина, айлант, пекан, липа, өрік, барбарис, гледичия, можжевельник, моңғол емені, кавказдық таудаған сияқты 40-тан астам піскен ағаш-бұта тұқымдары жиналып, тұқымбаққа себілді.