ИЗРАИЛЬ МЕН ПАЛЕСТИНА АРАСЫНДАҒЫ ШИЕЛЕНІС МҰНАЙ БАҒАСЫНА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар әлем назарын өзіне аударды. Осы орайда, мұның әлем елдеріне, оның ішінде Қазақстанға пайдасы мен зияны турасында сарапшылар сан түрлі пікір білдіре бастады. Жуырда экономист Бауыржан Ысқақов Таяу Шығыстағы шиеленістің Қазақстан экономикасына әсеріне қатысты пікір білдірді.

Оның айтуынша, Таяу Шығыстағы шиеленістің Қазақстан экономикасына тікелей әсер ету факторы аздау. Өйткені ол жақтағы мемлекеттермен Қазақстан қандай да бір одақта мүше емес, ортақ шекарасы да жоқ. Не болмаса, олар елімізбен молынан экспорт-импорт алмаспайды. Сондықтан Таяу Шығыста болып жатқан әртүрлі жағдайлардың бізге айтарлықтай әсер ете қоймайтындығы анық. Дегенмен еліміздің жалпы экономикасының негізгі кіріс көзі саналатын мұнайдың бағасына ықпалын тигізуі мүмкін. Қазірдің өзінде «Brent» маркалы мұнайдың баррелі 90 доллардан асып отыр. Әлі де өсіп келеді. Өйткені болып жатқан әртүрлі жанжалдардың өзі айналып келгенде мұнай тасымалдайтын мемлекеттер үшін де, мұнайға тәуелді мемлекеттер үшін де сұранысты арттырады. Осы жағынан алғанда Қазақстан экономикасына қандай да бір оң серпін береді. Бірақ мұнай бағасының көтерілуі қақтығыстарға байланысты емес. Бейбіт уақытта да баррелі 90 доллардан асқан кездері болды. Жалпы біздің бюджетіміздің кіріс бөлігі мұнайға тікелей байланысты болғандықтан, қара алтынға байланысты мұны оң фактор деп айта аламыз.
Экономист Таяу Шығыстағы соғыс мұнай өндіретін елдердің арасында алауыздық тудыруы мүмкін екендігін де жоққа шығармады. Нақтырағы «Бір нәрсені айтқым келеді. Қазірдің өзінде АҚШ Израильді, ал Иран сынды мұнай алпауыттары Палестина мемлекетін қолдайтындығын білдіріп отыр. Бұл айналып келгенде мұнай өндіріп, оны экспортқа шығаратын елдердің арасында жанжал тудыруы мүмкін, яғни белгісіздік жағдайын туындатады. Әлемдегі мұнайға ие елдердің арасында жанжал туындаса, ОПЕК-ке мүше мемлекеттер мұны саяси факторға бағалап, мұнай бағасын жасанды түрде төмендетуі де ықтимал. Бұл біз сияқты экономикасы мұнайға тәуелді мемлекеттерге кері әсерін тигізеді. Жалпы Таяу Шығыстағы жанжал халықаралық емес, аумақтық қақтығыс болғандықтан, экономикамызға әсер етпеуі мүмкін. Алайда сол соғыстың салдарынан өзге мемлекеттердің мүдделері қақтығысқа түсіп, біз сияқты мұнай экспорттайтын елдерге кері әсерін тигізуі ықтимал деп есептеймін» деді Бауыржан Ысқақов.