ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНІҢ ДЕЛЕГАЦИЯСЫ ӨЗБЕКСТАНҒА ІССАПАРМЕН БАРДЫ
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, биылғы 11-12 қыркүйек күндері Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының екінші рет ұйымдастыруымен Түркістан облысының кәсіпкерлерінен құралған делегация Өзбекстан Республикасы, Әндіжан облысына іссапармен барды. Сапардың негізгі мақсаты –Түркістан облысында жібек өнеркәсібін дамыту мақсатында тәжірибе алмасу.
Бағдарлама бойынша делегация Әндіжан облысының жеке кәсіпкері Абдуфаттах ақсақалдың тұт ағаштарының алқабын аралап, түрлі сұрыптарымен танысты. Облысымыздың кәсіпкерлеріне тұт ағашын өсірудің пайдасы оның тиімділігі және әлемдік нарықтағы жоғарғы табысқа ие кәсіп екендігі түсіндірілді. Тұт ағашының плантациясы аз инвестицияны қажет ететін жобалардың бірі саналады және «Ауыл аманаты» бағдарламасымен қаржыландыру жолдары қарастырылған. Осы салаға қызығушылық танытқан кәсіпкерлеріміз жібек өндірушілерімен пікір алмасып, байланыс орнатты.
Іссапар барысында кәсіпкерлер тұт ағашын өсірудің тиімді механизмдерімен танысты. Атап айтқанда, тамшылатып және буландыру арқылы суару жүйелерін бақылады. Алдағы уақытта Түркістан өңірінің кәсіпкерлері Өзбекстаннан тұт көшеттерін әкелуге және осы бағытта өзбекстандық кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеуге ниеттеніп отыр.
Айта кету керек, бұған дейін, нақтырағы, 21-23 шілде күндері Түркістан облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен, басқарма басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың басшылығымен Келес, Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Мақтаарал аудандарының әкімідер және 40-тан астам облыс кәсіпкерінен құралған делегация Өзбекстан Республикасына іссапармен барған болатын. Ол уақытта да делегация көрші елдегі ірі өндіріс орындарында болып, жұмыс барысын бақылап қайтты.