ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУДА ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫПТАР СӨЗ БОЛДЫ
Елдің дамып, қоғамның гүлденуі мемлекеттегі тұрақтылық пен ынтымаққа тікелей байланысты. Өз кезегінде ондаған ұлт пен ұлыс тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан Қазақстанда бұл бағытқа айрықша назар аударылып келе жатыр. Мәселен, жуырда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан ұсынылған «Бейбітшілік және келісім» жобасын жүзеге асыру мақсатында Шымкент қаласы әкімдігі жанынан құрылған ведомствоаралық жұмыс тобы Сайрам тұрғын алабындағы мәдениет үйінде тұрғындарды қабылдады.
Іс-шараның мақсаты – қала аумағында этноәлеуметтік қақтығыстардың алдын алу шараларын әзірлеу, негізгі бағыттар бойынша өңірлердің проблемаларын анықтау және оларды шешудің жолдарын қарастыру. Сала басшылары мен арнайы мамандардан жасақталған топтар тұрғындар арасында «Этносаралық келісім», «Әлеуметтік және еңбек проблемаларын шешу», «Халыққа білім беру», «Бизнес ортаны дамыту», «Конфессияаралық келісім», «Заңдылық, тәртіп және қауіпсіздік» сынды түрлі бағыттарда азаматтарды қабылдап, олардың проблемалық мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын сөз етті. Қоғамдық қабылдау жұмысына жоғарыда аталған мәселелер бойынша барлығы 35 азамат жазылып, оларға тиісті тұрғыдағы бағыт-бағдар берілді.
Сонымен қатар қабылдауға келген азаматтарға әртүрлі сала мамандары жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында жұмыс күші тапшы өңірлерге берілетін квоталар туралы кеңінен ақпараттар берді. Айта кетейік, Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қаладағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған тұрғын алаптар мен шағын аудандарда ақпараттық-насихаттық арнайы топтың бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда.