ШЫНАЙЫ ӨМІРДЕГІ АХУАЛ ШЕНДІЛЕРДІҢ ЕСЕБІНДЕГІДЕЙ МІНСІЗ ЕМЕС

кеншілер қанша жалақы алады?

Бүгінде мамандықтың түрі көп. Сәйкесінше, олардың алар жалақысы да сан түрлі. Кей жандар кеңседе отырып-ақ миллиондап табыс тапса, енді бірі өмірін қатерге тігіп, 200-300 мың теңге жалақы алады. Өмірін қауіпке тігетін мамандықтардың қатарында кеншілер бар. Бір қызығы, елімізде ауқымды апат орын алса, кеншілердің жалақысы жоғары екенін алға тартып, жауаптыларды ақтап алғысы келетіндердің қатары қалың. Жалпы сол материалдарда айтылатын жоғары жалақы шынымен де беріле ме? Кенішер қандай айлық үшін басын бәйгеге тігеді? Бүгінгі материалымызда осы турасында тарқата баяндамақпыз…

Жуырда Finprom.kz кезекті зерттеу нәтижелерін жариялады. Оған сенсек, елімізде кенші мамандығы құнсызданып барады. Бір қызығы, аталған мамандық иелері жұрт айтатын жоғары жалақы емес, кеңсе қызметкерлерімен бірдей 250-400 мың теңге аралығында жалақы алады. Шығыс Қазақстан облысының кеншілері мемлекеттік емес онлайн петиция сайтында президентке, бас прокурорға және Парламент Мәжілісінің депутатына осындай үндеу жасаған. Хат мәжілісмен Руслан Берденовтің ШҚО Глубоковский ауданы Белоусовка ауылының тұрғындарымен кездесуінен кейін жарияланды. Онда ауылда шахта жабылып, енді жұмыссыз қалған кеншілер облыстағы басқа кәсіпорындарға ауысыммен кетуге мәжбүр болғаны баяндалған. Петицияда Шығыс Қазақстандағы қарапайым кеншілердің еңбекақысы көптеген мердігер ұйымдарда ауысымына 250 мыңнан 400 мың теңгеге дейін екені айтылады. Адамдардың көбінде жоғары температурада жұмыс істейтінін, өміріне қауіп төнетінін, сөйте тұра әлеуметтік пакеті жоқ екенін ескерсек, әсіресе ауысымдық әдіспен ауыр жұмыс үшін мұндай ақша алу — қорлық дейді петицияға қосылушылар.
Жарияланған шағым белгілі бір компаниядағы, жергілікті деңгейдегі мәселе болса да, шын мәнінде, еңбекқор кеншілер арасында өсіп келе жатқан наразылықтың жалғыз үндеуі емес. Былтыр шілдеде Қарағанды облысы Шет ауданының кеншілері жалақыны көтеруді талап еткен. 2021 жылдың қарашасында «Абай» кенішіндегі қайғылы оқиғадан кейін «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қызметкерлері еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны көтеруді талап етті. Міне, осы уақытта ҚР Экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстандағы кеншілердің жалақысы жоғары және шамамен 700 мың теңгені құрайтынын айтты. Жалпы Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, биыл екінші тоқсанда тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу қызметкерлерінің орташа атаулы жалақысы шынымен де 710,9 мың теңгені құрады. Соңғы бір жылда бұл көрсеткіш 20%-ға артқан. Бірақ инфляцияны ескерсек, нақты жалақы 2022 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда өспей, тіпті, 9,6% төмендеген.
710,9 мың теңге көмір өнеркәсібін, металл кендерін өндіруді, мұнай өнеркәсібін қамтитын бүкіл тау-кен өнеркәсібі бойынша орташа көрсеткіш екенін айта кеткен жөн. Егжей-тегжейлі қарасақ, шикі мұнай мен табиғи газ өндіруде жалақы жоғары екенін көруге болады. Ол — шамамен 1,2 млн теңге. Сәуір-маусым айларында тау-кен өнеркәсібінде кез келген қызмет көрсеткендер 746,6 мың теңгеге жуық қаражат алды. Дәл осы екі үлкен санат формальды түрде орташа салалық көрсеткішті арттырды. Металл кенін өндіру саласында биыл сәуір-маусым айларында атаулы жалақы 533,8 мың теңгені, көмір өндіруде 503,9 мың теңгені, басқа пайдалы қазбаларды өндіруде 292 мың теңгені құраған.
Өңірлерге ойыссақ, көрсеткіштер құбылып шыға келеді. Саладағы жоғары атаулы жалақы мұнайлы өңірлерге тиесілі. Олардың қатарына Атырау, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстары кіреді. Металл балқыту үшін кен өндірілетін жерлерде, яғни Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында атаулы еңбекақы тиісінше 540,1 мың теңге және 465,1 мың теңге. Егер атаулы емес, модальды жалақыны ескерсек, көрсеткіш одан да төмендейді. Жалпы 2022 жылы тау-кен өнеркәсібінде жұмыс істейтін қазақстандықтар көбіне 297,9 мың теңге алған. Бұл сол жылғы атаулы жалақыдан екі есе аз. Ал мұндай жалақымен күн көруге бола ма? Ол үшін модальды жалақыны тұтынуға пайдаланылатын табыстың ресми көрсеткішімен салыстырайық. Оны Ұлттық статистика бюросы есептейді. Ескере кетерлік жайт, оның мөлшері тоқсан сайын инфляцияға байланысты өзгеріп отырады. 2022 жылы қазақстандық орташа есеппен бір айда өмір сүруге 79,2 мың теңге жұмсаған. Төрт адамнан тұратын стандартты отбасының бір айлық шығыны — 316,9 мың теңге. Бір отбасында бір адам жұмыс істесе, негізгі тұтынушылық шығындарға жұмсалған 297,9 мың теңге жалақы оған жетпейді. 2021 жылы да солай болды. Модальды жалақы 187,8 мың теңге болса, төрт адамнан тұратын отбасының шығысы 276,2 мың теңгені құраған.
Қорыта айтқанда, кеншілердің жалақысы шенділер айтқан баяндамалардағы көрсеткіштерге сәйкес келмейді. Қош делік, орташа айлық жалақының мөлшері көп болғанымен, жоғары температура мен жер астында жұмыс істейтін маманның бәрі оны алмасы бесенеден белгілі. Бұдан бөлек, елімізде апаттың жиілеп кеткенін ескерсек, қауіпсіздік шараларының да көңіл көншітпейтініне көзіміз жетеді. Ендеше елдің ен байлығын өндіріп, басшының қалтасын қалыңдатып жатқан кеншілердің жағдайы мүшкіл. Үкімет қаза тапқан кеншілердің отбасына көңіл айтумен шектелмей, күн сайын өліммен бетпе-бет келетін кеншілердің жағдайына назар аударса, жағдай, бәлкім, өзгерер. Үміт көп. Нәтиже әзірге жоқ сияқты…
Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.