АЙРАН ІШКЕН ҚҰТЫЛЫП, ШЕЛЕК ЖАЛАҒАНДАР ТҰТЫЛҒАН ЖОҚ ПА?

Бұл Қалқаманов кураторлық еткен саладағы бірінші былық емес…

Соңғы уақытта бармақ басты, көз қысты әрекеттердің дені қоғамға белгілі болып, жалғанды жалпағынан басқан жемқорлардың түрмеге тоғытылуы жиіледі. Мәселен, жуырда Түркістан облысы Қоғамдық даму басқармасының бұрынғы басшысы Дамир Жүнісов пен оның орынбасары Дінмұхамед Жақыпбеков кінәлі деп танылып, 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал олармен бірге істі болған «Ернияз-1» компаниясының басшысы Ербол Дайрашовқа сот 7 жылға шартты жаза кесті.

Қош делік, бұл азаматтардың жеке басында шаруамыз жоқ. Әйткенмен ауыр індеттен халық қырылып, қазақ күн сайын жоқтау айтып жатқанда тайраңдап, мемлекеттің қаржысын қалтасына басқанын өзгесі кешірсе де, халықтың кешірмесі анық. Жемқорлықтың өрмекшінің торындай шырмалып жүретінін ескерсек, бұл істен есебі бүтінделіп шығып кеткендер жоқ па деген заңды сауалдың туындайтыны анық. Әңгімемізді әріден бастайық…
Айыптау актісіне қарағанда, жемқорлық фактісі 2020 жылдың ақпаны мен 2021 жылдың наурызында болған. Сол кезде облыстық қоғамдық даму басқармасын басқарған Жүнісов, Жақыпбеков және Дайрашев мемлекеттік сатып алу порталы арқылы өткізген 11 тендерден жалпы сомасы 229,5 млн теңге мемлекетке залал келтірген. Тергеп-тексеру кезінде 127,5 млн теңгесі қайтарылған. Ал айыпталушылар айыпты мойындаған. Айыптау актісінде 11 тендердің барлығы бір көзден өткені жазылған. Төртеуі ішінара орындалса, жетеуі орындалмаған. Бір қызығы, келісімшарттарда «орындалды» деп есеп берілген. Мәселен, «Наурыз басы – Түркістан» және «Әлем сүйсінген – Түркістан» атты екі бейнеролик үшін әрқайсысына 22 млн теңге бөлінген. «Түркістан» телеарнасында осы тақырыптарда жасалған сюжеттер монтаждалып, орындалған жұмыс ретінде тіркелген. Бірақ бұл негізгі келісімшарттың талаптарына сай болмай шыққан. Қарап отырсақ, қалың жұрт қайғыдан қан жұтып отырған уақытта аты аталған азаматтар қалтаны қалыңдату қамына мықтап кіріскен болып шықты. Осылайша үшеуі де «Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу» бабымен айыпталған. Сотқа дейін үйқамақта болған Жүнісов пен кепілмен босатылған Жақыпбеков сот залынан қамауға алынса, Дайрашов «мемлекетке келтірілген 73 млн 800 мың теңге залалды толығымен өтегендіктен» шартты жазаға кесілді.
Осы тұста «ұсталмаған ұры емес» деген қазақтың тәмсілі ойымызға оралады. Өйткені Дамир Жүнісовтың білдей басқармада білгенін істеп, тайраңдап жүре алмасы анық. Оның үстінен қарап, қадағалауы тиіс кадрлар бар. Соның бірі де бірегейі — Түркістан облысы әкімінің идеология, білім және мәдениет саласына жауапты орынбасары Сәкен Қалқаманов. Бұл есім былайғы жұртқа жақсы таныс. Өйткені біз жазып отырған мәселе дәл осы кадр кураторлық ететін салалардағы бірінші факті емес. Қалың оқырманның жадында болса, 2020 жылы Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрдәулет Исабек пара алғаны үшін 7 жылға бас бостанығынан айырылған болатын. Араға жыл салып, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы Полат Қырықбаев айыпты ден танылды. Тергеу материалдарына сәйкес, 2019 жылы дене шынықтыру және спорт басқармасына жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін қомақты қаржы бөлінген. Басқарма басшылары мен қызметкерлер жағдайды пайдаланып, қаражатты бөлу туралы бұйрық берген. Олар ақшаны қолына алғаннан кейін оның басым бөлігін өздері иемденген. Салдарынан спорттық іс-шаралар қысқарған немесе мүлдем өтпеген. Қарап отырсақ, схема жоғарыда біз жазған Жүнісовтың схемасына ұқсайды. Осы тұста айта кетейік, Сәкен Қалқаманов 2019 жылдың тамыз айынан бастап облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған. Енді заңды сұрақ, бұл іс қалайша Қалқамановтың назарына ілікпей қалды? Неліктен дәл осы кадр кураторлық ететін салаларда былық бітпейді? Қарап отырсақ, үш жағдайда да Қалқаманов судан таза, сүттен ақ болып шықты.
Дамир Жүнісовтың әкесі ұлының істі болып жатқан уақытында бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат та берген болатын. «Рейтинг» газетінің 2023 жылғы 7 наурызындағы санында Дәулет Жүнісов былай дейді «Ұлымның айтуынша, ол Қоғамдық даму басқармасының басшысы қызметін пандемияның кезінде атқарған. Басқарманың мойнына облысқа келген қонақтарды, тексерушілерді, журналистер мен блогерлерді күту, шығарып салу, алып жүру міндеттері жүктелген. Әрине, мұндай шығындарға қазынадан ақша бөлінбейді. Дамир шығындардың бәрін басқарманың көтере алмайтынын айтып, Қалқамановқа кірген. Тіпті өзін жұмыстан босатуды сұранған. Алайда Қалқаманов шығындарды жабу үшін өзінің туыстарының, таныстарының аттарына ашылған фирмаларды тендерге қатыстырып, жеңімпаз етудің жолдарын көрсету арқылы «оларға 5-10 теңгесін бересің, қалған ақшаларды қайда жұмсау қажеттігін өзім айтып отырамын»,– деген фактілердің анық-қанығы неге тексерілмейді? Заңсыз тірліктер осылай басталған. Оңды-солды кетіп жатқан қаржылар көбейген соң ұлым Сәкен Қалқамановқа тағы кіріп, мұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтқан. Ақыр аяғында заңсыз тірліктер жиілеген соң Дамир жұмыстан өз еркімен босап кетті». Бұл ғана емес, араша сұраған әкенің сөзіне сенсек, алғашында Жүнісов мән-жайды Қалқамановқа баяндайды. Бастапқыда «Бәрі дұрыс шешіледі. Жігіттер жұмыс істеп жатыр» деп қайтарған бұрынғы әкім орынбасары уақыт өте келе жауапкершіліктен сытылып шығыпты-мыс.
Жел болмаса, шөптің басы қимылдамас. Жалғыз ұлы істі болып отырған әкенің сөзін оқыған адамның төбе құйқасы шымырлайды. Әділетті Қазақстанда құрығы ұзындардың ғана қалауы болып, бұйрықты ғана орындағандардың базынасын ешкім тыңдамай ма деген заңды сауалдың туындайтыны анық. Жалғыз ғана факт болса, сәйкестікке балауға болар. Үш бірдей басқарма басшысының істі болуының астарында әлдене жатқандай көріне ме, қалай?! Неге былықтың бәрі Қалқаманов кураторлық ететін саладан шыға келді? Неліктен, Жүнісов пен Қырықбаевтың қаржы жымқыру фактілері ұқсас? Осының өзі көп деректен хабар беретін тәрізді. Судан құрғақ шығатын Қалқаманов шынымен де кінәлі ме әлде қулығына құрық болмайтын қу ма? Біздіңше, мұны тексеру керек. Құзырлы органдар, Ақорда мен Бас прокуратура бұл іске назар аударып, жалғыз ұлы істі болған әкенің жанайқайына назар аударады деп үміттенеміз!

Қ.ДӘУЛЕТӘЛІ.