САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН НАСИХАТТАЙТЫН ТЫҢ БАСТАМА ӨТТІ

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NEET санатындағы жастар санын жылына кем дегенде 1%-ға азайту және 2021 жылы 6%-ға дейін төмендету жөнінде тиімді шаралар қабылдауды міндеттеген болатын. Яғни жастарды жұмыспен қамтып, білім беру жобаларына тартуға бағытталған бірқатар шараларды қабылдауды тапсырған еді.

Осыған орай, 12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен Шымкентте алғаш рет «Базар жастар лигасы» бастау алды. Бүгінде Жастар ресурстық орталығының бастамасымен жастарды қолдау мақсатында «Базар жастар ұйымы» құрылған болатын. Қазіргі таңда, 9 базарда жастарды қолдау ұйымдары жастармен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. 8 тамызда бастау алған турнирдің бірінші кезеңі аяқталып, ұлдар арасындағы кіші футбол мәресіне жетті. Мұндай жарыстар жастарға салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік бермек.
Айта кету керек, футбол ойынына қатысушылар арнайы тағайындалған бас төрешінің бақылауымен жеребе тарту арқылы командаларға бөлініп, бақ сынады. Бас төрешінің бекіткен топтық ойын кестесіне сәйкес 16 команда кезең-кезеңімен ойнап, 1/4 кезеңіне 8 команда, атап айтқанда, Север сауда орталығы, Технодом, Айна, Барыс, Авто-НҰР, Көне қала, Акбар және Жібек жолы базарының командалары жолдама алды. Марапаттау рәсіміне Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шүкірханұлы арнайы қатысып, барша жастарды 12 тамыз – Халықаралық жастар күнімен құттықтап, турнирде жеңіске жеткен командаларды марапаттады.
Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысы ұлдар арасында өткен кіші футбол ойынының жүлделі I орын, II орын және III орын иегерлерін және «Үздік қорғаушы», «Үздік қорғушы», «Үздік қақпашы» номинациясы иегерлеріне «Базар жастар лигасы» кубогын табыстады. Сонымен қатар жеңімпаз командаларға дипломдар мен арнайы сертификаттар берілді. Ал турнир нәтижесіне келсек, І орын «Акбар» базарының командасына бұйырды. ІІ орынды «Көне қала» командасы еншілесе, ІІІ орын «Барыс» базары командасына бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталғанын айрықша айта кеткен жөн.