САРҚЫНДЫ СУ ТАЗАРТҚЫШ ИМАРАТТАР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Сайрам ауданы «Ақсукент ауылының тазартқыш имараттары» нысаны қайта іске қосылды. Аталған құрылыс 2017 жылы басталса да, мердігер мекеме тарапынан келісімшартта көрсетілген талаптар орындалмаған еді. Яғни жобадан ауытқып жұмыс жүргізгені және техникалық қадағалаушы мекеме қадағалау жұмыстарын сапасыз жүргізгені анықталған. Салдарынан нысан жұмысы бүгінге дейін пайдалануға берілмей келді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, аудан басшысы Арман Сәбитов аталған нысандағы сүзгілердің жұмысы, құрылыс жобасының талаптарына сай болуы және алдағы уақытта іске қосу мәселелерін жіті бақылауында ұстаған. Бүгінде нысандағы кемшіліктер мердігер мекеме тарапынан жойылып, 1 айдың ішінде өз жұмысын бастады. Бұл, өз кезегінде, қанша жыл ішінде экологиялық зиян келтірген мәселе оң шешілгенін көрсетеді.
Бұл нысанның басты міндеті – Қарабұлақ елді мекеніне Ақсу ауылындағы көпқабатты 54 үй мен кәсіпкерлік нысандардан шығатын шайынды сулардың қайта өңдеп, ауылшаруашылық мақсатындағы егін алқаптарына жіберу. Осылайша қосымша ағын су көздерін арттыру. Айта кетейік, «ХМСУ Шымкентмелироация» ЖШС мердігерлік мекемесінің 5 жылдық кепілдік мерзімі бар. Егер нысан істен шықса, мердігерлік мекеме жауап береді.