ТҮРКІСТАНДА ТАУАРЛЫ БАЛЫҚ ӨСІРУМЕН АЙНАЛЫСАТЫН КӘСІПКЕРЛЕР КӨБЕЮДЕ
Түркістан облысында «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітіліп, соның шеңберінде жылына 6640 тонна балық өсіру жоспарланып отыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 3 579 тонна өндірілген. Осы орайда, Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен журналистер Ордабасы, Сайрам аудандарына баспасөз-турымен барып, аудандағы балық өсіру кәсіпорындарының қызметімен танысты.
Ең алдымен БАҚ өкілдері Ордабасы ауданындағы 2019 жылдан бастап жылына 200 тоннаға жуық африкалық сом балығын өндіретін «Алина» шаруа қожалығына аялдады. Жылына 500 тонна балық өндіретін шаруа қожалықта сазан, дөңмаңдай, тұқы балықтары да өсірілуде. Онда өндірілетін балық өнімдері қаладағы мейрамханаларға және балық сататын дүкендерге үздіксіз жеткізілуде. Соңғы екі жылда балықтарға сұраныс артқан. Шаруа қожалықтың бас маманы Данияр Рахымжанов бұл межемен тоқтап қалмай, алдағы уақытта балық өнімін көбейтуді жоспарлауда. Бұған қоса, балықтарды қайта өңдеу және балықтарға арналған құрама жем өндіру цехын құруды да көздеп отыр.
Жалпы Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айданы тіркеліп, оның 84-і табиғат пайдаланушыларға берілген. Түркістан облысы жасанды көлдерде балық өсіру бойынша елімізде көш бастап тұр. Тауарлы балық өсірумен 156 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Солардың бірінде болған журналистер Сайрам ауданындағы балық өнімдерін өндіру шаруашылығының жұмысымен танысты. «Көмеш Балық» иелігіне үлкен 17 көл және кіші 14 көл кіреді. Әрқайсысынан күз айларында 50-60 тоннаға дейін балық өндіріледі. Балықтың сан алуан түрін өсірумен айналысатын мекеме былтыр 700 тонна тауырлы балық өндірген. Биылғы жоспар 1 мың тоннаға жеткізу.
«Бүгінгі таңда мұнда балық шаруашылығының қуаттылығы жылына 721 мың тоннадан асады. Күміс тұқы, ақ амур, көксерке, тұқы балықтары өсіріледі. Сондай-ақ мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30%-ын субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оң ықпалын тигізуде» дейді бас маманы әрі басқарушысы Бақытбек Төрегелдиев.
«Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» басшысының орынбасары Мейіржан Өмірәлиевтің мәлімдеуінше, өңірде 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. «Бүгінде балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаулар да аз емес. Облыс әкімі балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін тапсырған болатын. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Мұндағы мақсат – тауарлы балықтың көлемін ұлғайту. Осы бағдарлама аясында облыс көлемінде көптеген шаруашылықтар ашылды» дейді ол.
Бүгінде балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Мысалы, акваөсіру бойынша биылға жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, бүгінде 30 шаруашылыққа субсидия беріліп толығымен игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 миллион теңге қаралған. Бүгінде жоспарға сәйкес, жаңадан 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр.