КЕНТАУЛЫҚ КӘСІПКЕР КӨЛ-КӨСІР ПАЙДАҒА КЕНЕЛІП ОТЫР
Түркістан облысы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы аймақтардың бірі саналады. Өз кезегінде, өңірдің әлеуетін жақсы білген жандар егін егіп, балық өсіріп, көл-көсір пайдаға кенеліп отыр. Мәселен, Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Мырза» шаруа қожалығында жеміс-жидектердің ерекше сұрыптары өсіп тұр.
Шаруа қожалығы иесі Ануар Мырзаев 25 жылдан бері бау-бақша өсірумен айналысып келеді. Өзінің мамандығы — агроном. Бау-бақшада алманың 20 түрі, өріктің 10 түрі, шабдалының 12 түрі, алмұрттың 6 түрі, шиенің 2 түрі, қара өріктің 5 түрі, жүзімнің 5 түрі және анардың 1 түрі отырғызылған. Көкөністен картоп, пияз өсіріп, барлығын сатылымға шығарады. Сонымен қатар раушан гүлінің бірнеше түрі мен шырша талдарының ерекше сұрыптары тағы бар.
Жалпы 8 гектарды алып жатқан шаруа қожалығының 1,5 гектарында балық шаруашылығы қолға алынған. Қазіргі таңда, көлшіктерге балықтың шабақтары жіберілген. «Алдағы мақсатым — балық шаруашылығының маңайына демалыс аймақтар салу. Арнайы көшет талдарын егуге арналған жерімді кеңейту. Еңбек бар жерде береке болады. Әр адам өз ауласын бақшаға айналдырып, өнім алуға мүмкіндіктері бар. Мен тіпті кеңес беруге де әзірмін» дейді қожалық иес. Ерекше сұрыптағы жеміс-жидектердің көшеттерін Ануар Мырзаев арнайы өзі егіп, әзірлейді. Тіпті, жан-жақтан сатып алуға ұсыныс білдірушілер көп. Шыққан өнімдерін Кентаудан бөлек, Шымкент, Түркістан, Жезқазған, Қарағанды, Астана қалаларына жібереді. Қарамағында бүгінгі таңда 25 ауыл тұрғыны жұмыс істейді.