ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫС ЖҰМЫСТЫ ЖҮЙЕЛЕУГЕ ЫҚПАЛ ЕТЕДІ

«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС – еліміздегі сумен жабдықтау саласындағы ең іргелі кәсіпорындардың бірі. Мекеме бүгінде аталған саланың дамуына өлшеусіз үлес қосып отыр. Халықаралық стандарттарды енгізіп, суды үнемдеуге, жұмысты жүйелеуге баса назар аударуда. Сонымен қатар әлемдік алпауыт компаниялармен үнемі байланыста болып, тәжірибе алмасуды да жолға қойған. Сапалы маман даярлау ісіне қосып жатқан үлесі де арнайы тақырыпқа арқау болары анық.

Осы орайда, жуырда «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-на жұмыс сапарымен «Техно Сервис» компаниясының бөлім басшысы Артем Шувалдин арнайы келді. Бұл компания сумен қамту, су шаруашылығы саласында әлемдік брендке айналған. Еуразия нарығындағы танымал «Bermat» компаниясы жоғары деңгейдегі жабдықтар шығарады. Бұл фирманың қысым реттегіш құралдары Шымкентте кеңінен қолданылып жатыр.
Жұмыс сапарымен келген Артем Шувалдин қысым реттегіш жабдықтарды біздегі өндірісте ары қарай да кең көлемде қолданылу жолдарын бақылады. Автоматтандыру жүйесінің барысымен танысты. Сонымен қатар жұмысты жеңілдету мен суды үнемдеуге қатысты ойларын ортаға салды. Атап айтқанда «Қазіргі кезде мұның өзі де жеткіліксіз, өйткені күндізгі шығындар басқа, ал түнде басқаша болуы мүмкін. Біз жарылу фактілері мен судың шығынын қатаң бақылауымыз керек, өйткені қаржыны үнемдеудің негізгі факторларының бірі — осы. Ол үшін жалпы жүйені басқару керек. Бригаданың қайта-қайта шақыруға шыға бергені тиімсіз. Мысалы реттегіштер өте көп болуы мүмкін. Сондықтан арнайы құрылғы орнатылады. Ол «сервопривод» деп аталады. Сол арқылы инженер-диспетчер қашықтан бақылап, түзету енгізе алады. Сонымен қатар реттегіште қысым көрсететін бөлігі болады. Біз осы арқылы өзгерістерді бақылап, орнатылған реттегіш арқылы құбыр желісінің нақты бір бөлігіндегі жарылу, су ағу туралы ақпарат беретін шығын өлшегішті де көре аламыз» дейді ол.
Мекеме мамандары мұның маңызды екенін алға тартып отыр. Яғни қажетті ақпаратты алудың өзі мекемеге тиісті талдауларды дер кезінде, сапалы жасауға мүмкіндік береді. Ақауларды уақытында анықтап, апатты жағдайларда шұғыл реттеу, тиісті шара көру жүйелі жүргізіледі. Яғни су балансын бақылауда сенімді схема жасауға болады. Түптеп келгенде, мұның бәрі халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартпақ.