ЖАСТАРДЫҢ СҰРАНЫСЫ ЕСКЕРУСІЗ ҚАЛМАДЫ
Елімізде жастардың жан-жақты дамуына барынша жағдайлар жасалып келеді. Олардың қалауы мен сұраныстары да ескерілген, ескеріле бермек те. Мәселен, Шымкент қаласында қала әкімі Мұрат Әйтеновтен бастап жастармен жүздесуді үрдіске айналдырған. Бүгінде шаһар басшысынан бөлек әр ауданның әкімі, әкім орынбасарлары, басқармалар мен бөлім басшыларымен кездесулер ұйымдастырылып жатыр.
Келелі жиында кейіпкердің өмір жолы, атқарған істері, жастар саясатындағы іргелі бастамалар мен мәселелер жайы сөз болады. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың ұсыныс-пікірлері де ескеріледі. Жиында айтылған ұсыныстар негізінде жүзеге асып жатқан жұмыстар да жеткілікті. Мәселен, 19 маусым – қала күніне орай бірқатар әлеуметтік нысандар халық игілігіне табысталған болатын. Осы орайда, үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов экстремалды спорт түрлеріне арналған жаңа қоғамдық кеңістіктің салтанатты ашылуына қатысты. Онда «Скейт элементтері бар алаң жастарымыздың сұранысы бойынша қолға алынды. Өскелең ұрпақтың өтінішін ескеріп, жаңа нысанды қала күніне орай пайдалануға бердік. Біз қашан да осындай ерекше жобаларға қолдау көрсетуге әзірміз» деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қаламыздағы скейт элементтері бар алғашқы алаңда қала тұрғындары скейтбординг, BMX сияқты спорт түрлерімен шұғылдана алады. Бұл жаңа кеңістік бұрынғы «Дельфин» аквапаркінің аумағында орналасқан. Онда скейтпен сырғанау алаңынан өзге воркаут аймағы, көше тренажерлары, роллердром, баскетбол алаңы және әткеншектері бар тыныш аймақ та бар. Заманауи талапқа сай жабдықталған скейт парк мегаполис жастарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін орталыққа айналады.