АҒЫН СУ ТҮЙТКІЛДЕРІ ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАҚЫЛАУЫНДА

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Жетісай ауданына іссапары барысында құрылысында кедергілерге тап болған әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап шықты. Облыс басшысы Ж.Ералиев ауылдық округі, Дихан елді мекеніндегі құрылысы тоқтап қалған К-30 каналының жағдайымен танысып, жауаптылармен өзекті мәселелерін талқылады.

Осыдан он жыл бұрын су арнасының гидроқұрылғыларын қайта құру жұмыстары басталған. Араға уақыт салып жөндеу жұмыстары тоқтап қалған. 2018 жылдан бастап қайта жалғасқанымен, 2019 жылдан бері құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Каналдың 25 шақырымы бетондалу керек болса, оның 14 шақырымы, ішкі тармақтарының 175 шақырымы бетондалу керек болса, оның 52 шақырымы ғана бетондалған. Жоспарланған 4 сорғы станциясының ешбірі қойылмаған. Құрылысқа қаралған қаржы 6,076 млрд теңгенің, 3,6 млрд теңгесі игеріліп кеткен. Атқарылған құрылыс жұмыстарының сапасында көптеген кемшіліктер тіркелуде, каналдың жөндеуден өткен бөліктері қайта жарамсыз күйге айналуда, ішкі су жүйелерінің су өткізу қабілеті нашарлап жатыр.
«Өңіріміз үшін ағын судың аса маңызды екенін білесіздер. Жұмыс дұрыс жоспарланбаған. Зардабын ел тартып отыр. Мәселені түбегейлі шешіп, каналды толық жөндеу керек. Диқандарға қолдау көрсеткен жөн» деді Дархан Сатыбалды. Өңір басшысы Шардара су қоймасынан машиналық әдіспен су беру каналының да өзекті мәселелерімен танысты. Ұзындығы 29 шақырымды құрайтын канал 2009-2010 жылдары салынған. Суармалы жер көлемі – 86 700 га. Жетісай ауданының егістік алқаптарын «Достық» магистралды каналы арқылы келетін ағын судың тапшылығы сезілуде. Осы деректер талқыланып, канал мәселесі бақылауға алынды.
Облыс басшысы құрылысы созылған құрылыс жұмыстарын созбалаңға салғандарды сынға алып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар жүктеді. Қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстауды міндеттеді.