ЖАСТАР АРАСЫНДА ЕСІРТКІМЕН КҮРЕС ЖҰМЫСТАРЫ ЕКПІНДІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Елімізде жастар саясатын тиімді жүзеге асыру бағытында қыруар іс атқарылып жатыр. Әрбір өңірде жастардың дамуына мүмкіндіктер беретін орталықтар ашылуда. Ондағы белсенді жастардың арқасында бірқатар өзекті мәселелермен күрес те қарқын алған. Дәл осындай шаралар үшінші мегаполисте біраз уақыттан бері ұйымдастырылып келе жатыр. Тарқатайық…

Жуырда Жастар ресурстық орталығы және Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен «Есірткіге жол жоқ» акциясы аясында профилактикалық түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Түсіндірме жұмысының негізгі мақсаты – есірткінің адам өміріне қауіпті екендігін, болашақ жастар арасында түсіндіру, есірткі қылмысының жолын кесу және есірткіге байланысты қылмыстарды болдырмау мен алдын алу.
Профилактикалық түсіндірме жұмыстарына Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Бауыржан Қанатұлы мен ерікті жастар қатысып, адам көп шоғарланатын саябақтарда түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қолданыстағы заңға сәйкес, есірткі қылмыстарына кіретін ауыр және аса ауыр қылмыстар мен оның адам ағзасына зиян тұстары жөнінде түсіндірді. Айта кетейік, бұндай профилактикалық түсіндірме жұмыстары жалғасын табады.