МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ – БОЛАШАҚТЫ БАҒДАРЛАУ
13 сәуірде «Дұрыс мамандық тандау – кемел болашақ кепілі» тақырыбы аясында Қаратау ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, Әл-Фараби академиялық мектебінің бітіруші сынып оқушылары арасында кездесу өткізілді.
Жиынның басты мақсаты – мектептердегі жоғары сынып оқушыларын дұрыс мамандық таңдау бойынша ақпараттандыру, бағыт-бағдар көрсету. Кездесуге Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дефектолог-логопед маманы Мәлік Жанерке Ерланқызы мен Шымкент қаласындағы №9 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау аға лейтенанты Тулебаев Ермахан Рсалиұлы қатысты.
Олар бірінші кезекте жастарға сұраныстағы басым мамандық түрлерін атап, өз мамандықтары жөнінде де сөз қозғады. Жиын барысында «Мен бала кезімнен өрт сөндіруші болуды армандадым. Сол бала арманымнан адаспай, мектепті аяқтағаннан соң өрт сөндіру мамандығына оқуға түстім. Бүгінде өз саламда күн-түні аянбай қызмет етудемін. Бұл мамандықты таңдағаныма мүлде өкінген емеспін. Дұрыс мамандық таңдау – өмірде маңызды рөл атқарады» деді өрт сөндіру бөлімінің аға инженері Ермахан Рсалиұлы.
Жиын сұрақ-жауап форматында өрбіді. Онда оқушылар спикерлердің мамандықтарына қатысты көкейіндегі сауалдарын жолдап, жауаптарын алды. Болашақта қандай маман иесі болғысы келетіндерін айтып, кеңес сұрағандар да болды. Жастардың мамандық турасындағы танымын кеңейткен кездесуден соң оқушылар спикерлермен суретке түсті.