НАУРЫЗДА ЖЫЛДЫҚ ИНФЛЯЦИЯ ТӨМЕНДЕДІ

Елімізде наурыз айында жылдық инфляция 18,1 пайызға дейін төмендеді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты.

Оның айтуынша, Ұлттық банктің болжаған траекториясына сәйкес, наурызда жылдық инфляция 18,1 пайызға дейін төмендеді. Бұл басқалармен қатар өткен жылғы жоғары базаның есептен шығуынан болды. Инфляцияның барлық компоненті бойынша да баяулау байқалады. Сонымен қатар оңтүстік өңірлердегі өнімнің шығынға ұшырауы мен үсік салдарынан жеміс-жидек пен көкөніс бағасының көтерілуі, сондай-ақ сұраныстың жоғары болуынан көлік қызметі құнының өсуі инфляцияның төмендеуін тежеді. Биылғы наурызда азық-түлік инфляциясы айтарлықтай баяулап, 20,5 пайызды құрағанымен, жалпы инфляцияға көптеп үлес қосуын жалғастырып келеді. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсімі — 18,1 пайызға дейін, қызметтер бағасының өсімі — 14,4 пайызға дейін баяулады. Бұған дейін, нақтырағы, ақпан айындағы айлық инфляцияның біршама жеделдеуі бағалардың төмендеу трендін бұзған болатын.
Алайда кейін айлық инфляция 0,9 пайызға дейін баяулады. Базалық инфляцияның әртүрлі бағалаулары да бәсеңдеп келеді. Бірақ олар әлі де жоғары проинфляциялық ортаның сақталуын көрсетіп отыр. Мәселен, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдеріне, реттелетін қызметтер мен қуат көздеріне баға өсімінің әсерін ескермейтін маусымдық факторлардан тазартылған жылдық базалық инфляция 19,9 пайызды құрады. Дегенмен ол тарихи орташа көрсеткіштен жоғары қалыптасуын жалғастырып келеді. «Инфляциялық күтулер қаңтар-ақпан айларында төмендегеннен кейін қайта қарқын алды. Күтілетін инфляцияның медианалық көрсеткіші 16,5 пайыз болды. Сауалнама деректері бойынша, инфляцияның негізгі факторлары – азық-түлік пен отын бағасының өсуі, сыртқы жағдай, теңгенің айырбастау бағамының динамикасы және жалақы мен зейнетақының өсуі. Жоғары және құбылмалы инфляциялық күтулер де – инфляцияның төмендеуін тежейтін негізгі факторлардың бірі» деді Ғалымжан Пірматов.