2023 ЖЫЛДЫҢ БАСЫНДА ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫ 4,3 ПАЙЫЗ ӨСІМ КӨРСЕТТІ

Бүгінгі әлемдік геосаясат ушығып тұр. Экономикада сан түрлі мәселелер туындап жатыр. Дегенмен орын алған жағдайлар жаңа мүмкіндіктер кезеңін тудырғаны да жасырын емес. Мәселен, Ресейге салынған санкция бірқатар елдердегі жаңа нарықтардың ашылуына себепші болды. Өз кезегінде, мұны тиімді пайдалана алуымыздың арқасында еліміздің экономикасында бірқатар оң өзгерістер орын алуда. Тарқатайық…

Қаңтар-ақпанда ел экономикасы 4,3 пайызға өсті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы төрағасы Ғалымжан Пірматов айтты. «Қазақстан экономикасы 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларында 4,3 пайызға өсті. Бұл Ұлттық банктің осы жылға белгілеген 3,5-4,5 пайыз деңгейіндегі болжамдарына сәйкес келеді. Нақты сектор 2,7 пайызға, ал қызмет көрсету саласындағы іскерлік белсенділік 5 пайызға өсті. Биылғы ақпан айында тұтыну тауарларын өндіру көлемі едәуір көбейді. Құрылыс жұмыстарының құрылымында көппәтерлі тұрғын үйлерді пайдалануға берудің артқаны байқалады. Ішкі сұраныс – тұрақты. Бұл бөлшек тауар айналымының оң динамикасынан көрініп отыр» деді Ғалымжан Пірматов.
Ұлттық банк төрағасының пікірінше, қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша, бөлшек тауар айналымы нақты мәнде 12,9 пайызға өскен. Өткен жылдың төмен базасына қарамастан, автомобиль, электрлік тұрмыс техникасы, азық-түлік өнімдері мен киім-кешек сату да бөлшек тауар айналымының ұлғаюына әсер етті.