ЗАҢДЫ БІЛМЕУ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН ЖАЛТАРУҒА СЕБЕП БОЛА АЛМАЙДЫ

Соңғы уақытта жер учаскелеріне қатысты мәселелердің қарасы қалыңдап барады. Мұның бір ұшы құқықтық сауатқа келіп тірелетіні белгілі. Өз кезегінде, заңды білмеу, жауапкершіліктен жалтаруға себеп бола алмасы анық. Осы орайда, тұрғындардың түрлі келеңсіз оқиғаларға тап болмауы үшін Шымкент қаласының прокуратурасы қолданыстағы Қазақстан Республикасы заңнамаларының нормаларын түсіндіру бойынша жұмысты жалғастыруда.

Атап айтқанда, жер мәселесі әрқашан көкейтесті проблемалардың бірі болған. Соның бірі азаматтармен жер учаскелерінің құқық белгілейтін құжаттарының болмауына қарамастан, тәуекелге барып, өз бетінше пайдалануда немесе иеленуде. Өз бетінше иеленген мемлекеттің меншігіндегі жер учаскелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізіп, соңынан уәкілетті органға заңдастыру өтінішімен жүгінеді. Елді мекен шегінде объект салу үшін мемлекеттік меншіктегі жерлерден жер учаскесі сұралған кезде жер учаскесін беру тәртібі Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 44-1-бабы 1-тармағына сәйкес жүргізіледі.
Кей кездері уәкілетті орган азаматтардың өтініштерін қарауда жер учаскесіне құқық растайтын құжаттар ұсынылмауына байланысты жер учаскесін беруден бас тартып, тиісті қаулыны қабылдайды. Одан азаматтар қабылданған қаулымен келіспей сотқа жүгінеді. Іс жүргізу кезінде де сот азаматтан иеленіп отырған жер учаскесіне қатысты барлық мәліметтерді анықтап, қандай құқық белгілейтін құжатқа сәйкес иелік етіп отырғанын сұрайды. Сондықтан азаматтар жер мәселесіне қатысты заңдарды білмей тәуекелге барып, жер учаскесіне қатысты нақты құқық белгілейтін құжаттарсыз иеленген жағдайда елеулі материалдық немесе моральдық зиян келетінін ескерген жөн.
Қорыта айтқанда, жердің құжатын реттемей, баспана мен өзге де нысандардың құрылысын жүргізу үлкен шығынға батыруы мүмкін. Сондықтан азаматтарды мұндай қадамға бармауға шақырамыз.