ҰЖЫМДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ МОРАЛЬДЫҚ КЛИМАТТЫ ЖАҚСАРТУ
Барлығымызға белгілі, Төтенше жағдайлар министрлігі жүйесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмысы – экстремалды жұмыс түріне жатады. Күнделікті қызметте немесе авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында, ең бастысы – алдымызға қойылған мақсатқа нәтижелі және дұрыс қол жеткізу. Кейде бізге көп еңбек және жоғары жұмыс қабілеті қажет, ал оларды үнемі бірқалыпты деңгейде ұстау оңай емес. Нәтежеге тек ұжым болып бірлесіп, ауызбіршіліктің арқасында қол жеткіземіз.
Осыған байланысты Шымкент қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі қызметкерлерімен «Ұжымдағы психологиялық-моральдық климатты жақсарту» тақырыбында психопрофилактикалық дәріс және ауызбіршілік пен ұйымдастырушылықты, позитивті көңіл-күйді қалыптастыруға бағытталған тренинг жүргізілді. Тренинг барысында қызметкерлер өз ойларын ашық айтып, күнделікті өмірде дұрыс қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын сезініп және де бір-біріне алдағы күндеріне сәттілік тіледі. Нәтижесінде қызметкерлердің көңіл-күйлері көтеріліп, сергіп жеңілдену сезімдері байқалды.
Психолог мамандығы – өмірімізге кеш келсе де, қоғамға бірден етене еніп, тіпті әр салада қажетті орнын тапқан сала. Әр адам психологқа сеніп, жан сырын ақтара алады. Әсіресе төтенше жағдайлар кезінде ақылын сабырға жеңдіре алмай, байбалам салған зардап шегушіге психолог маманының көмегі ауадай қажет.
Ақтолқын Әбілханқызы Қалқаман,
Шымкент қаласы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесі жедел құтқару жасағының бас құтқарушы-психологы.