ӘР ҮЙДІҢ БЕРЕКЕСІН АРТТЫРАМЫЗ

«Құрметті жерлестер, мен алдағы уақытта өздеріңіз көтерген мәселелердің шешілуіне оң ықпал жасап, қаламыздың дамуына өз үлесімді қосатын боламын.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сайлау конституциялық реформаның жалғасы екенін айтып, жаңа өзгерістерге бастама болатын бірқатар мүмкіндіктерді жасап берді.
Мен әрқашан тұрғындар көтерген мәселелерді назарға алып, нақты шешімдер ұсынып, оның толық шешілуі үшін жұмыс істеймін. Сіздердің әрбір талап-тілектеріңізді назардан тыс қалдырмаймын».

Мерлан Керимжанов.

ӨМІРБАЯН

Керимжанов Мерлан Абдрахманұлы 1986 жылы 30 қыркүйекте Шымкент қаласында дүниеге келген. Ұлты – қазақ. Білімі – жоғары.
2009 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «Заңтану бакалавры», 2012 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Экономика бакалавры», 2016 жылы Қазақстан инженерлік-педагогикалық халықтар достығы университетін «Құрылыс бакалавры» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ОҚО бойынша аумақтық инспекциясының жетекші маманы болып бастап, 2011 жылы аталған инспекцияның бас маман-заңгері қызметін атқарған.
2011-2013 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының қоғамдық қатынастар мониторингі бөлімінің бас маманы болып істеген.
2013-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жобалар мен сараптамаларға мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру бөлімдерінің басшысы болған.
2014-2015 жылдары «Sayran group» ЖШС-ның қаржылық директоры болып жұмыс істеген.
2015-2017 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарған.
2017-2018 жылдары «ТБК group company» ЖШС-ның қаржылық директоры болған.
2018-2020 жылдары Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқарма басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.
2020-2021 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы, қала әкімінің орынбасары қызметінде болған.
2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғатты қорғау министрлігі Су ресурстары комитетінің «Казсушар» РМК Түркістан филиалының директоры қызметінде болған.
2022 жылдың желтоқсан айынан «Самұрық Қазына констракшн» АҚ-ның «Жайлы мектеп» жобасының Шымкент қаласы бойынша жетекшісі қызметін атқаруда. Отбасылы, 2 ұл, 3 қызы бар.

ҚҰРМЕТТІ ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Өзімнің сайлауалды бағдарламамда шымкенттіктердің лайықты ортада өмір сүруі үшін ел экономикасын көтеруге, инфрақұрылымдық жүйелердің сапасын арттыру және қауіпсіз орта қалыптастыру арқылы халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс-тіршілігін жақсартуға мүмкіндік беретін нақты бастамалардың жүзеге асырылуына бар білімім мен тәжірибемді пайдалана отырып, көкейімде жүрген бастамаларды жүзеге асыруды мақсат еткенімді жеткізгім келеді.
Менің сайлауалды бағдарламамның басты негізі – AMANAT партиясынан ұсынылған кандидат ретінде партияның сайлауалды бағдарламасы аясында негізгі 4 БАСЫМДЫҚ мыналар:
1. Табысты арттыру (экономикалық өсім);
2. Өмір сапасын жақсарта түсу (білім, денсаулық сақтау және спорт пен мәдениеттің қолжетімділігін арттыру);
3. Өмір сүру жағдайын жақсарту (өңірдің инфрақұрылымын жақсарту);
4. Экологиялық жағдайды жақсарту.

ТАБЫСТЫ АРТТЫРУ

Жұмыс орындарын құру.
Бүгінгі таңда әлеуметтік мәселе бойынша жалақының төмендігі бірінші кезекте тұр. Жан басына шаққанда орташа айлық жалақы — 229,9 мың теңгені құрап, республика бойынша 18-ші орында тұр.
Сонымен қатар қалада жұмыссыздық деңгейі 5%-ды құрайды (22 мың адам). Ал нәтижесіз жұмыспен қамтылған халықтың саны — 1,2 мың адам.
Осы мақсатта AMANAT партиясының бақылауымен мынадай міндеттер орындалады:
— 2027 жылға дейін 80 мың адам жұмыспен қамтылады. Оның ішінде:
— Ұлттық жобалар аясында 35 мың адам;
— Инвестициялық жобаларды іске асыруда 1 мың адам;
— 2027 жылға дейін 12 мың жұмыссыз адам қайта оқудан өтеді;
Жалпы алғанда, қала бойынша 2027 жылдың соңына дейін 80 мың жұмыс орнын, оның ішінде кемінде 45 мың тұрақты жұмыс орындарын ұлғайтып, орташа еңбекақыны 229,9 мың теңгеден 2027 жылға дейін 372 мың теңгеге жеткізуді бақылауда ұстайды.
Қазіргі таңда инфляцияның жоғары болуына байланысты азық-түлік тауарларына бағаны төмендетудің бірден-бір жолы — ауыл шаруашылығы өнімдерін өзімізде өндіріп, өңдеу.
Қазіргі таңда «Жылыжай аймағы» агро-индустриялық аймағын салып, жалпы 114 га құрайтын жылыжай құрып, 46 мың тонна өнім өндіру көзделуде.
Қайта өңдеу, өндірістік жылыжай, мал және құc етін өңдеу бойынша 77 инвестициялық жоба жүзеге асырылып (құрылыс, кеңейту), жалпы 300 адам жұмыспен қамтылады.

Кәсіпкерлікті қолдау

Қалада 107 мыңнан астам кәсіпкерлік субъекті бар. Онда 189,4 мың адам жұмыс істейді. Бүгінде қалада кәсіпкерліктің жалпы үлесі 38,9 пайызды құрайды. Бұл – әлі де аз көрсеткіш. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 пайыздан асатыны белгілі. Біз осындай межеге жетуге ұмтылуымыз қажет деп санаймыз.
Осы мақсатқа AMANAT партиясының бастамасымен төмендегі мәселелер қолға алынады:
— 1,2 мың шағын және орта бизнес өкілдерін қолдауға жыл сайын бөлінетін 13 млрд теңге көлемінде қаражатты пайдаланудың тиімділігін қадағалайтын боламыз;
— 2023-2027 жылдары өз ісін бастаймын деген 9,5 мың азаматқа жыл сайын грант және 2,5 пайызбен микрокредиттер ашық және әділ бөлінуіне атсалысамыз;
— 4,5 мың жасты кәсіпкерлікке оқытып, кемінде 1,7 мың жобаға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттың ашық және әділ бөлінуін бақылаймыз;
— Жастар және әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 2,1 мың кәсіпкерге қолдау туралы хабардар етеміз;
— Жыл сайын кемінде 100 жас кәсіпкерге жеңілдетілген несиенің ашық және әділ бөлінуін қамтамасыз етеміз;
— 2027 жылға дейін 12 мың жұмыссыз адамды қайта оқытуға көңіл бөлеміз;
— Қаланың туристік әлеуетін арттыру мақсатында жыл сайын ресторандар жәрмеңкесі мен мобилография фестивалін ұйымдастыру арқылы шараның ауқымы 50 мың адамды қамтитындай жағдай жасаймыз.
2027 жылдың соңына дейін кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылғандардың саны 200 мыңнан, ал кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 45%-дан асады.

Жастар үшін мүмкіндіктер

Шымкент – жастар қаласы. Ал жастар – ел болашағы. Қалада 245,2 мың жас бар. Яғни қала халқының 21,7%-ын құрап отыр. Жұмыссыз жастардың үлесі – 3,7%, яғни 14 мың жасты құрап отыр.
Осыған орай, AMANAT партиясы жастарға жан-жақты қолдау көрсете отырып, оларға арналған бағдарламалардың іске асуын бақылайды. Мынадай мақсаттар бар:
— 16,2 мың жасты жастар практикасына бағыттап, өзінің қабілетін ашуына мүмкіндік беру;
— жұмысшы жастарды ынталандыру үшін жыл сайын 900 пәтерден 3 жылда 2,7 мың пәтер беру;
— волонтерлік ұйымдарды қолдау мақсатында жыл сайын үздік 2 жобаға 1 миллион теңгеден грант бөлу туралы хабардар ету;
— студент жастарға 1 мың орындық 5 жатақхана салу;
— «Жастар Отанға!» партиялық бағдарламасы аясында Шымкент қаласының жастарын қолдауды жалғастыру;
— 6 мың жасқа тегін кәсіби білім беру;
— 32 мың жасты кәсіпкерлік негіздерге оқыту;
— 5 мыңнан астам жасты алғашқы жұмыс орнымен қамту.
Нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық 3,7 пайыздан 3,2 пайызға төмендейді. NEET жастардың үлесі 2027 жылға дейін 6,1 пайыздан 5,6 пайызға төмендейді.

ӨМІР САПАСЫН АРТТЫРУ

Сапалы білім беру үшін жағдай жасау
Саналы ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздың біліктілігі маңызды рөл атқарады. Партия осы бағытта кешенді жоспарларды жүзеге асыруға күш салады. Бүгінде мектептерде 23,3 мың орын тапшылығы сезілуде. Қала берді, қалада үш ауысымды 4 мектеп бар.
Осыған орай, AMANAT партиясы 4 негізгі бағытта жұмыс істеуге ықпал етеді:
Біріншіден:
— мектеп тапшылығын жою мақсатында алдағы 5 жылда 25 мектеп салуға қажет бюджет қаражатын қолдаймыз, құрылыс сапасына партиялық бақылау орнатамыз, объектілерді уақтылы пайдалануға беруге қол жеткіземіз;
— «Жайлы мектеп» жобасы аясында 25 мектептің құрылыс сапасына партиялық бақылау орнатамыз. Оның ішінде Ақжар елді мекенінде (Арғымақ) 2023 жылы 600 орындық 1 мектептің құрылысы басталып, 2024-2025 оқу жылына тапсыру жоспарланған;
— 2023-2027 жылдар аралығында 25 білім беру ұйымын күрделі жөндеуден өткізуге қол жеткіземіз.
Екіншіден:
— мектепке дейінгі ұйым басшыларының, әдіскерлерінің, тәрбиешілерінің жалпы санынан бейінді білімі бар педагогтерінің үлесін арттыру;
— орта білім беру ұйымдарында педагог-шебердің, педагог-зерттеушінің, педагог-сарапшының және педагог-модератордың біліктілік деңгейі бар педагогтардың үлесін арттыру;
— мемлекеттік ТжКБ ұйымдарының арнайы пәндер оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің жалпы санынан өндірістен тартылған мамандардың үлесін арттыру.
Үшіншіден:
— балаларды қосымша біліммен қамту;
— жастарды талап етілетін мамандықтар бойынша колледждерде тегін оқытумен қамту (9-сынып бітірушілері);
— балалардың құқығын қорғау деңгейін көтеру.
Төртіншіден:
— даму мүмкіндіктері шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен қамту;
— жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы тәрбиеленушілерінің осы санаттағы балалардың жалпы санынан үлесін қадағалау.
Нәтижесінде үш ауысымды мектептер түбегейлі жойылып, ескірген мектептердің саны азайып, мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқыту жетілдіріледі, білім алушыларды колледждерде тегін оқыту 100% қамтамасыз етіледі!

Қолжетімді сапалы медицина

Осы мақсатта AMANAT партиясы мынадай істердің қолға алынуына ықпал етеді:

— Қаланың медициналық ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 5 жылда 17,5 млрд теңгенің бөлінуіне атсалысып, бақылау жасаймыз;
— 2023 жылы «Shymkent» ӘКК АҚ-мен бірге 4 емхананың құрылысы жүргізіледі (Ынтымақ-2, Гүлістан көшесі, Құрсай шағынауданы және Қайнарбұлақ тұрғын алабы);
— 2025 жылы 200 орындық перзентхана пайдалануға беріледі;
— 2026 жылы шетелдік заманауи техникамен жабдықталған 800 орындық көпсалалы аурухана халықтың игілігіне беріледі;
— Медицина қызметінің сапасын арттыру мақсатында жыл сайын медицина саласындағы 18 500 қызметкерге республиканың жетекші мамандары шеберлік-класстар өткізеді.
— «Симуляциялық орталығы» қызметі сапалы түрде жүзеге асырылып, 5 жылда 775 мамандар дайындықтан өтеді.
Нәтижесінде адамдардың өмір сүру ұзақтығын 70,5 – тен 73 жасқа дейін арттыруға, денсаулық сақтау ғимараттарының тозу көрсеткішін төмендетуге және жалға алынған медициналық объектілердің санын қысқартуға, денсаулық сақтау қызметкерлерінің тапшылығын шешуге мүмкіндік береді.
Мәдениет нысандарына қолжетімділікті қамтамасыз ету
5 жылда «AMANAT» партиясы келесі міндеттердің жүзеге асуына бақылау жасайды:
— 2023 жылы 500 орындық Оқушылар сарайы салынады (ӘІО);
— 2023 жылы 150 орындық Б.Майлин атындағы «Балалар шығармашылық орталығы» салынады (Хамза);
— 2024 жылы 500 орындық Оқушылар сарайы салынады (Тұран м/а);
— 2024 жылы 2000 орындық Конгресс-холл қолданысқа беріледі;
— 2025 жылы Опера және балет театры салынады;
— 2026 жылы 500 орындық Оқушылар сарайы салынады (Тұран ауданы аумағында);
— 2027 жылы 500 орындық Оқушылар сарайы салынады (Еңбекші ауданы аумағында);
— Сонымен қатар «Артспорт» бағдарламасы аясында Қазығұрт, Құрсай елді мекендерінде 24 үйірме жұмыс жасауда.
Нәтижесінде мәдени нысандардың саны артып, сапалық көрсеткішін ұлғайтатын боламыз.

Бұқаралық спортты дамыту

Ұрпақ саулығы дене шынықтырудан басталады. Партия алдағы бесжылдықта тұрғындарды бұқаралық спортқа жаппай тартуды мақсат етіп отыр. Осы мақсатта:
— 2023 жылы Абай даңғылындағы «Металлург» спорт кешені ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығында пайдалануға беріледі;
— 2023 жылы Жоғарғы медициналық колледждің спорт залы салынады;
— 2023 жылдың 1 жартыжылдығында Жаңа ипподром қолданысқа беріледі;
— 2026 жылы Қажымұқан атындағы орталық стадион қайта құрудан өтеді;
— 2023-2027 жылдары 437 аула абаттандырылады;
— 2023-2027 жылдары 100 ашық спорт алаңшалары салынады;
— Сонымен қатар «Артспорт» бағдарламасы аясында Қазығұрт (1), Құрсай (2) елді мекендерінде 3 үйірме жұмыс істеп тұр.
Нәтижесінде қалада дене шынықтырумен және спортпен шұғылданатын азаматтарды қамту деңгейін 42 пайыздан 50 пайызға дейін жеткіземіз.

ӨҢІРДІҢ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫН ЖАҚСАРТУ

Жолдар және көлік инфрақұрылымын дамытамыз!
Жол – экономиканың күретамыры. Сондықтан жолдардың сапалы әрі талапқа сай болуы – орнықты әрі табысты дамудың кепілі.
AMANAT партиясының мақсаты – жолдардың, қоғамдық көліктің сапасын жақсарту, ыңғайлы жағдай жасау. Партияның ықпалымен 5 жылда 860 км асфальт жол салынады.
Оның ішінде Қазығұрт шағынауданы бойынша:
— 2023 жылы 3 көше (Айшықты, Школьная, Оңдасынов жалғасы);
— 2024 жылы Мақталы тұйығы (Мұқанов пен Қаратас көшелерінің аралығы) Бұқар жырау көшесінің жалғасы жөнделеді.
Ал Отырар көшесін кеңейту, Бөгенбай батыр көшесіне 100 метр арық салу, Қ.Жандарбеков көшесін күрделі жөндеу мәселелерін шешуге атсалысамын.
Құрсай шағынауданы бойынша:
— 2023 жылы 27 көше;
— 2024 жылы 15 көше;
— 2025 жылы 19 көше жөнделеді.

Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету

Казіргі таңда, 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілсе, 3 елді мекен кестемен қамтамасыз етілуде. Бүгінгі күні қалада таза ауыз сумен – 98,5% қамтылған. Яғни 1,1 млн тұрғынның ауыз суға қатысты мәселесі шешімін тапқан.
Бұдан бөлек AMANAT партияның бақылауымен алдағы 5 жылда мына жұмыстар жүзеге асырылады:
— 2023 жылы Құрсай елді мекені, Қайнарбұлақ, Сайрам 1-кезек және Еңбекші ауданындағы жаңа құрылыс аумақтарын ауыз сумен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде 61 мың адам немесе кестемен су берілетін 2 елді мекен толық, 1 елді мекені жартылай ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
— 2025 жылы қалаға жетіспейтін 2 (9 км) және 2026-2027 жылдары 7 магистралдық (32 км) су құбырының құрылысын салу жоспарлануда.
Нәтижесінде қала тұрғындары 100 пайыз таза әрі сапалы ауыз суды тұтынады!

Көгілдір отынмен қамтамасыз ету

Қазіргі таңда, қаладағы 81 елді мекеннің 26 елді мекені жартылай, 4 елді мекені газбен қамтылмаған. Мегаполис халқының 94%-ы немесе 1 млн тұрғын табиғи газбен қамтылған.
Бүгінгі таңда Құрсай елді мекенінде табиғи газбен 1480 үй (83%) қамтылған. Қалған 700 үйге газ тартуға ЖСҚ әзірленуде.
2026 жылы табиғи газбен жартылай қамтылған 6 елді мекендегі (Қызылсу, Шапырашты, Исфиджаб, Құрсай, Жыланбұзған, Қарабастау) шамамен 29 мың халық табиғи газбен қамтылады
Нәтижесінде алдағы 5 жылда қала аумағы 100% газбен қамтылады.

Үздіксіз сапалы электр
энергиясымен қамтамасыз ету

Қаладағы 81 елді мекеннің 2-інде электр жүйелерінің сапасы төмен және қалада электр қуатына деген сұраныстың артуына байланысты қуат көзі жетіспеуде. Қала тұрғындарының 98%-ы сапалы электр энергиясымен қамтылған. Яғни 1,2 млн тұрғынды құрайды.
Бүгінгі таңда Құрсай шағынауданында 1861 үй қамтылған (83%), қалған 355 үйді қамту үшін ЖСҚ әзірленуде, құрылыс 2023 жылға жоспарланған.
Жалпы 5 жылда қала бойынша 7 қосалқы станция іске қосылып, электр қуатымен қамту 350 МВт-қа артады. 2025 жылы елді мекендер үздіксіз электр энергиясымен 100% қамтылады.

Кәріз жүйесін жақсарту

Қаланың орталығы кәріз жүйесімен толық қамтамасыз етілген. Ал қаланың шетіндегі 81 елді мекеннің 24-інде кәріз құбырлары бар. Қала бойынша көрсеткіш – 60%, яғни, 711,9 мың тұрғынды құрайды. Алдағы уақытта 41 елді мекенді кәріз жүйесіне қосуды назарға аламыз.
Осы мақсатта алдағы 5 жылда AMANAT партиясы келесі бағыттарды назарда ұстайды:
— 2026 жылы 1 магистралдық (Жібек жолы-Байдібек би коллектор) және 5 ішкі орамдық кәріз жүйелерінің (К.Маркс ш.а., Қызылжар, Жиделі, Батыс, Ынтымақ) құрылыс жұмыстары жүргізіліп, шамамен 60 мың халық қамтамасыз етіледі.
— 2027 жылы 9 ішкі орамдық кәріз жүйелерінің (Бозарық 1/2/3, Солтүстік саяжай, Қазығұрт ш.а., Құрсай ш.а., Игілік т.а., Жаңаталап т. а.,Тәуелсіздікке 20 жыл, Алтынтөбе т.а., Көкбұлақ т.а.) құрылыс жұмыстары жүргізіліп, шамамен 65 мың халық қамтамасыз етіледі.
Нәтижесінде, қамту көрсеткіші 80 пайызға жеткізіліп, шамамен 950 мыңға жуық тұрғындар кәріз жүйесімен қамтылады.

Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Шымкент жергілікті тұрғындар мен қонақтар үшін қауіпсіз әрі жайлы қала болуы тиіс.
Шалғайда орналасқан елді мекендердің орталық көшелері мен әлеуметтік нысандарға баратын жолдары жарықтандыруды қажет етеді. Бүгінгі таңда қалада 747 көше бар. Оның 532 көшесі немесе 57% жарықтандырылған.
2023-2027 жылдар аралығында 5,5 млрд теңгеге 215 көше жарықтандырылады.
Оның ішінде, Қазығұрт шағынауданында 2024 жылы 1 көше (Габдуллин), Құрсай шағынауданында 2023 жылы 4 көше, 2024 жылы 5 көше (Атақорған, Ақөзек, Қарашығанақ, Қарашық, Шорнақ), 2025 жылы 4 көше (Қостерек, Ақалтын, Егіндікөл, Егізтөбе), К.Маркс шағынауданында 2023 жылы 1 көше, 2024 жылы 1 көше (Тілеулес), 2025 жылы 1 көше (Спатаев) жарықтандырылады.
Ортақ мүдде біріктірген отаншыл азаматтардың белсенділігі – қаланың табысты дамуының кепілі. Біз бұл мақсаттарға «Ақылды қала» жобасын іске асыру арқылы қол жеткіземіз.
Осыған байланысты алдағы 5 жылда AMANAT партиясы мына бағыттарда жұмыс істейді:
— Мектептердің 20 мб/с төмен емес интернетпен қамтамасыз етілген орта білім беру ұйымдарының үлесін арттырамыз;
— Халықты жоғары жылдамдықты мобильді интернетке және сапалы байланыс арнасына қол жеткізумен қамтамасыз етуге атсалысамыз;
— Тұрғындарды жоғары жылдамдықты оптикалық (кабельді) интернетпен қамтамасыз етуге атсалысамыз;
— Мобильді операторлармен бірлесе отырып, қала тұрғындарын 5G технологиясы базалық станцияларының санын ұлғайтамыз.
Нәтижесінде қауіпсіз қалаға айналып, отбасындағы зорлық-зомбылық мен суицидтің көрсеткіші азайып, бақытты отбасы құндылықтары дәріптеледі.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ЖАҚСАРТУ

Қала таулы, климаты жұмсақ әрі қолайлы, өсімдіктің алуан түрі кездесетін географиялық аумақта сәтті орналасқан.
Қаланың экологиялық ахуалға теріс ықпалын азайту үшін «Жасыл қала» мәртебесін нақты іспен көрсетеміз.

Ол үшін «AMANAT» партиясы мынадай міндеттерді орындауды басты мақсат етеді:
— 2023 жылы «Кілт» саябағын салу;
— 2023 жылы қоқыстар мен қалдықтарды бөлек тасымалдауды қамтамасыз ету;
— 2023-2027 жылдары 25 гүлзар ашу (2023 жылы — 5, 2024 жылы – 5, 2025 жылы – 5, 2026 жылы – 5, 2027 жылы — 5).
— 2024 жылы «Сәуле» саябағын салу;
— 2024 жылы Қошқар ата өзенінің бойын абаттандыру;
— 2024 жылы Дендросаябақ аумағында тамшылап және автоматтандырылған суару жүйесін орнату;
— 2024 жылы ШымСити аумағында 30 га саябақ салу;
— 2025 жылы Дендросаябақ аумағын абаттандыру;
— «Taza like» партиялық акциясы аясында түп ағаштарды отырғызу;
— 5 жылда 600 мың ағаш көшетін отырғызу, жасыл желекке айналуына бақылау жасау.
— 2023-2025 жылдары қалдықтарды бөлек жинауға арналған 525 қоқыс контейнерлерін орнату.
— ағаштарды цифрлық базаға енгізу.
Қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу зауытында қоқысты қайта өңдеу және жою үлесін 30,3 пайыздан 35 пайызға дейін жеткізуді бақылауда ұстаймыз.

Қымбатты сайлаушылар!

Тәуелсіз еліміздің алар асуы мен бағындырар биігі алда деп ойлаймын. Осы жолда әрбір қазақстандық азаматтардың өз еліне, жеріне қосар үлесі болуы керек. Мен де Қазақстанның патриот азаматы ретінде мемлекетімізді, қаламызды дамытуға өз үлесімді қосу үшін осы сайлауға қатысып отырмын.
Сіздер мені Шымкент қалалық мәслихатына депутат етіп сайлап, дауыс берсеңіздер, мен AMANAT партиясының белгілеген сайлауалды тұғырнамаларын басшылыққа ала отырып, бар білімім мен біліктілігімді, атқарушы билік пен квазимемлекеттік органдардағы тәжірибемді халыққа қызмет етуге жұмсап, шырайлы Шымкентіміздің өсіп-өркендеп, көркеюі жолында аянбай еңбек ететін боламын.
Шымкент қалалық мәслихатында №16 сайлау округіне кіретін Қазығұрт, Құрсай, К.Маркс, Ақжар, Ақжар 2, Айкөл және округтағы басқа да елді мекен тұрғындарының мүдделерін тиісті деңгейде қорғайтыныма сендіремін.

Мерлан Абдрахманұлы КЕРИМЖАНОВ,
Шымкент қаласы мәслихатына
№16 сайлау округі бойынша кандидат.

(Материалдың жариялану ақысы үміткердің жеке сайлау қорынан төленді.)