МЕМЛЕКЕТТІК ГРАНТҚА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛАДЫ

Шымкент қаласында 20 ақпан мен 3 наурыз аралығында 400 АЕК көлеміндегі мемлекеттік гранттың I легі бойынша өтінім беру басталады. Өтінімдерді қабылдау «Business.enbek.kz» порталы арқылы онлайн режимінде қабылданады. Қатысу үшін үміткер порталға электрондық цифрлық қолтаңба арқылы тіркеліп, өтінім бере алады.

Мемлекеттік грант қаражаты ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ала алады. Өтінім беру үшін порталда тіркелу, грант алу шарттарына сәйкестігіне тексеруден өту, порталда көрсетілген бизнес-жоспар үлгісін жүктеп алып, оны толтыру және порталға енгізу (өз бетінше бизнес-план жарамайды) және өтініш нысанын толтыру мен ЭЦҚ кілтімен қол қою қажет.
Интернетке немесе компьютерге қолжетімділік болмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту орталықтарының өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында өтінім беруге болады. Үміткер төмендегі әлеуметтік санаттардың бірінен болу керек. Олар — еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, қолданыстағы «қандас» мәртебесі бар адамдар, өңіраралық қоныс аударушылар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасыларға және оның жұбайына (зайыбына) төленетін жәрдемақы алушылар, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адам (жұбайы/зайыбы) және асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алушылар. Сонымен қатар үміткердің «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы 3 жылдан аспайтын мерзімге сертификаты болуы тиіс.