ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ БАСТАМАСЫ ЖЕМІСТІ ЖҮЗЕГЕ АСЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облысқа қарасты барлық қала, аудандар мен ауылдарды жасыл аймаққа айналдыру жөнінде бастама көтерген болатын. Осы орайда Созақ ауданында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Қараша айынан бастап Түркістан облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тарапынан бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес, аталған басқармаға қарасты «Жасыл желек» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің тұқымбақтарында өсірілген 100 арша, 100 дана туя, 1950 түп үйеңкі, 312 түп қарағаш, 1125 түп айлант және «Жасыл Аймақ» КММ-нен 164 түп арша үлестіріліп, егілді. Аталған көшеттер қазіргі таңда аудан орталығындағы бюджеттік мекемелердің аумағына, көше бойлары мен Ту тұғыры алаңына және саябақтарға отырғызылды. Алдағы уақытта көркейту, көгалдандыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жалғасатын болады.
Ал Арыс қаласында көгалдандыру-абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың қаланы жасыл желекке орау бастамасы арыстық тұрғындар тарапынан үлкен қолдау табуда. Жыл басынан бері қала аумағында 60 мыңнан астам көшет отырғызылған. Бүгінде Арыс қаласына қарасты білім мекемелерінде «Менің ағашым» акциясы өтіп келеді. Акция аясында оқушылар ата-аналарымен бірге мектеп ауласын көркейту мақсатында тал егу жұмыстары ұйымдастырылуда. Арыс – Шымкент, Арыс – Шардара автожолы жиегін абаттандыру жұмысы бүгінде нәтижесін берді. Бір кездері жазық жатқан далаға жан бітіп, жасыл желек көз қуантуда. Облыстық және ауданаралық автожол бойындағы жасыл белдеу басында «Жасыл Арыс» КММ мамандары қарқынды еңбек етуде.
Күзгі ағаш отырғызу маусымы кезінде 40 мың түп тал-дарақ егу жоспарланса, бүгінде 30 мыңға жуық көшет отырғызылған. Көшеттер шаһар аумағынан бөлек, мекемелер мен мектептерде, ауруханалар мен кәсіпорын аумақтарында, қала көшелерінде отырғызылуда. Осылайша, Арыс қаласы Түркістан облысы бойынша ағаш отырғызудан алдыңғы орынға шықты. Қалада егілген ағаштардың басым бөлігін үйеңкі, қарағаш, шынар, катальпа, айлант, сириялық раушан, туя, арша, шаған сынды жергілікті климатқа бейімделген ағаштар құрайды. Айта кетейік, ағаштарды күтіп баптау мақсатында автоматтандырылған суғару жүйелері орнатылып, су ұңғымалар қазылған. Сонымен қатар орталықтың гүлденуін жандандыру жұмыстары күнделікті «Жасыл Арыс» КММ-сі жүргізеді.