МАҢЫЗДЫ ТАҚЫРЫП АЯСЫНДА СЕМИНАР ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Қазығұрт және Ордабасы аудандарында «Этносаралық қақтығыстардың алдын алу жолында оның механизмі мен алгоритмін қалыптастыру» тақырыбында семинар өтті.
Ел бірлігін бекемдеген жиын алдымен Қазығұрт ауданында ұйымдастырылды. Семинарға Түркістан облысы прокурорының орынбасары Саян Келдібеков, Қазығұрт ауданының әкімі Арман Абдуллаев, ҚР ҰҚК Түркістан облыстық департаменті бастығының орынбасары Бахтияр Маметбакиев, Түркістан облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Асылхан Төреханов қатысты. Сондай-ақ жиында ҰҚК-нің Түркістан облысы бойынша департаментінің, құқық қорғау органдарының өкілдері, жергілікті атқарушы биліктің идеология бойынша жауапты қызметкерлері, белгілі ғалымдар, сарапшылар болды.
Семинарға модераторлық еткен Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев басқосудың маңыздылығына тоқталып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән берді. Бұл бағытта құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарға артылатын сенім жүгі ауыр. Біз бірлесе атқарған жұмыстар арқылы қоғамның татулығы мен бірлігін, қоғамның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ете аламыз. Әлеуметтік және этносаралық қақтығыстарды еңсеру, олардың алдын алу мен болдырмау жөніндегі жұмыс біздің қызметіміздің негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Ол сіз бен бізге ортақ міндет деп білемін. Сол үшін де күш салып, бірлесе жұмыс жасауға шақырамын» деді Аңсар Жаңабайұлы.
Семинарда Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің теология факультетінің деканы ф.ғ.д, профессор Досай Кенжетай, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Жанғали Урунбаев, ОҚМПУ-дың «Рухани жаңғыру» және тәрбие бөлімі басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Қайрат Анарбаев баяндама жасады. Баяндамалар оқылып болған соң, ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды. Маңызды семинар Қазығұрттан соң Ордабасы ауданында жалғасты. Онда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, дау-дамайдың алдын алу бағытында келелі ойлар айтылды. Семинарды қорытындылаған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев өңірдегі этносаралық шиеленістің алдын алуға негізделген іс-шаралар тұрақты түрде жалғасатындығын айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.