ЖАҢА БІЛІМ ОРДАСЫ АШЫЛДЫ
Елімізде, оның ішінде, Түркістан қаласында білім саласында қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келеді. Облысқа қарасты аудандарда көптеген білім ордалары күрделі жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, жаңа мектептер де салынып келеді. Мәселен, жуырда Арыста 70 балаға арналған жекеменшік мектеп ашылды.
Қала орталығында орналасқан жаңа оқу ордасында 1-4 сынып оқушыларына ағылшын тілі мен орыс тілі және информатика пәндері тереңдетіліп оқытылады. Бастауыш сынып оқушыларына арналған «Болашақ» мектебінің салтанатты ашылуына қала басшысы Гүлжан Құрманбекова мен қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің жауапты мамандары, ата-аналар мен ұстаздар қатысты. «Қаламызда ашылып отырған жаңа мектебіміз – баланың жан-жақты дамып, ой-өрісінің кеңеюіне жол ашады. Ұл-қыздарымыз сапалы білім алуы үшін оларға мейлінше қолайлы жағдай жасау бағытында жұмыстарымыз әлі де жалғасын табатын болады. Білім беру ісіне белсенді атсалысып жатқан кәсіпкерлеріміз бен саланың жауапты мамандарына алғысымды білдіремін» деді қала әкімі Гүлжан Мамытқызы.
Заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген мектепте бастауыш сынып оқушыларына арналған 5 кабинет пен акт залы, асхана бар. Жаңа оқу ордасының ерекшелігі сол – мұнда балалар бір ғана ауысыммен оқиды, ал бір сыныпта білім алушылар саны 15-тен аспайды. Шара аясында білім ордасының негізін қалаған Дариға Қажымұқанқызы көпшілікке және ата-аналарға білікті де білімді мамандардан құралған ұжымды таныстырып, мұнда балалардың жан-жақты білім алуына барлық жағдайдың жасалғанын айтты.