ТЫҢ ЖОБА АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ДАМУЫНА СЕРПІН БЕРЕДІ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері Жамбыл облысына барды. Мақсат – шаруаларға жеңілдетілген несие беру арқылы жүзеге асқан «ауыл тұрғындарының табысын арттыру» жобасы бойынша тәжірибе алмасу. 2019 жылы Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында үйіргелік аумақтарды игеру арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытып, «ауыл тұрғындарының табысын арттыру» жобасы сәтті жүзеге асқан болатын.

Түркістандық делегация бірнеше шаруа қожалығы мен кооперативтерін аралап, тәжірибе алмасты. Пилоттық жобаның артықшылықтары мен тиімді тұстарын анықтап, жүзеге асыру жолдары бойынша кеңес алды. Аталған жоба Жамбыл облысында іске асқан уақытта халықтың жұмыспен қамтылуы өсіп, жобаға қатысқан адамдардың табысы 2 есеге артқан, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 3 есе азайып, 11 ауылдағы кәсіпкерлер саны 3 есеге көбейген. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру тәжірибесі өз тиімділігін көрсетіп, Мемлекет басшысы тарапынан қолдау тапқан еді.
2021 жылы Үкімет басшысымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жобаны басқа өңірлерде кеңінен қолдану үшін жол картасын әзірлеу тапсырылып, жобаны республика көлемінде жүзеге асыру жұмыстары басталуда. Аталған жобаны Түркістан облысында іске асыру үшін 2023-2025 жылдарға республикалық бюджеттен 20,5 млрд теңге қаржы бағытталуда. Бұл қаржы жоба қатысушыларына жылдық 2,5% мөлшерлемемен қолжетімді несиелендіру шарттары арқылы беріледі деп көзделіп отыр.
Кредит пен микрокредит мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін. Несие сомасы — 2,5 мың АЕК. Қазіргі таңда облыста пилоттық жобаға қатысатын әр ауданнан бір ауылдық округ таңдалып, алғашқы 16 ауылдық округ анықталды. Ондағы халық саны 185 436 адамды құрайды. Несиелендіруді ет, сүт, жеміс-көкөніс өңдеу, балық өсіру және тері, жүн өңдеу бағыттары бойынша жүзеге асыру көзделуде. Несиелендіру жұмыстарына сенім білдірілген агент ретінде «Түркістан» ӘКК» АҚ анықталды.