ТАБЫС ТАБУДЫҢ ДА ТҮРЛІ ТӘСІЛІ БАР…
Бүгінде табыс табудың түрлі жолы бар. Соның бірі – инвестиция арқылы пайдаға кенелу. Бүгінде елімізде инвестиция құю арқылы табыс табу жолын үйрететін ақпараттық түсіндіру шарасы қолға алынған.
«Самұрық-Қазына» қорының даму және жекешелендіру бойынша басқарушы директоры Ернар Жанәділ елордада өткен халықаралық инвесторлар апталығының сессиясында бұл туралы былай деді «Бүгінгі шараның мақсаты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Қарапайым халық қаржы саласына қатысты кейбір жайттарды кеңінен түсінбей жатады. Тәжірибе көрсеткендей халық жеке жинағын доллармен сақтайды, сондай-ақ депозитке салады немесе жылжымайтын мүлік сатып алады. Қазір инвестиция құю мен тартудың түрлі жолы бар. Одан қалды, бағалы қағаздар мен облигацияға инвестиция құю арқылы да табысқа кенелуге болады».
Маманның айтуынша, уақыт өте келе инвестицияның жаңа түрлері пайда болып жатыр. Бүгінге акция сатып алып, соның игілігін көру мүмкіндігі бар. Бұл жөнінде маман «Қазір цифрландыру, технология заманы. Аталған салаларға инвестиция құйғысы келетіндер көп. Тағы бір мысал, Nike компаниясы шекті көлемде кроссовка шығарды. Сол кроссовкалар сериясының шығарылымына инвестиция құйған қарапайым адамдар бар. Солай табыс табады немесе аталған маркалы кроссовкаларды сату құқығына ие болады. Әрине, біз әлі ондай жағдайға жеткен жоқпыз, ертелеу.
Осы орайда «Самұрық-Қазына» қоры қаржы және биржа ұйымдары мамандарымен бірлесіп халық арасында инвестиция құю, ол арқылы табыс табу туралы ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізуді қолға алды» дейді. Қорыта айтқанда, қаржылық сауатты арттырудың пайдасы орасан. Белгілі бір жетістікке жету мен қаржылай пайда табудың жолдары көп. Алайда алаяқтардың айласына алданып қалуға әсте болмайды. Мұны да ұмытпаған абзал…