ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Шымкент қаласына қарасты елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатында қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Сапалы электр жарығымен, ауыз сумен және көгілдір отынмен қамтылған шағынаудандар саны арта түсуде. Жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов Еңбекші ауданындағы жаңақұрылыс аумағында орналасқан елді мекендерде жүргізіліп жатқан инфрақұрылым нысандарының жұмыс барысын тексеріп, тұрғындармен кездесті.

Қазіргі таңда электр қуатымен қамту жұмыстарының 90%-ы атқарылған. Қыркүйек айының соңында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жұмысы жүргізілмек. Нәтижесінде Қаратөбе, Қарабастау, Абдулабад, Тоғыс, Жұлдыз, Бадам-1, Жыланбұзған, Айнатас, Базарқақпа елді мекендеріндегі 1 729 абонент сапалы электр қуатымен қамтылады. Ауыз су құбырлары жүйесін орнату жұмыстары 11%-ға орындалған. Нысан 2023 жылы аяқталмақ. Аталған елді мекендерді табиғи газбен қамту бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Қала басшысы абоненттеу жұмыстары барысында тұрғындардың жұмыла әрекет жасау керектігін атап өтіп, сала басшыларына бұл істі тиімді ұйымдастыруды тапсырды.
Бұдан біраз уақыт бұрын Солтүстік саяжай шағынауданы да сапалы электр жарығымен қамтылған болатын. Тұрғындар бұрындары жекеменшік желілерден электр қуатын алып келсе, бұдан былай мемлекет тарапынан тартылған сапалы электр қуатын тұтынады. Сәйкесінше, ай сайын төлейтін шығындары да азаймақ. Жыл басынан бері үшінші мегаполиске қарасты бірқатар елді мекендерге сапалы электр жарығы тартылды. Жыл қорытындысымен сапалы электр қуатына қолжетімділік көрсеткіші де айтарлықтай артпақ.