АҚ ХАЛАТТЫЛАР МЕКЕМЕ МЕРЕЙІН ҮСТЕМ ЕТТІ
Ақ халатты абзал жандар – қоғамның айнасы. Білікті дәрігерлердің арқасында адамзат баласы талай қауіпті ауруды жеңіп, ғұмыр кешіп келеді. Өзгені әрі қойғанда, дәл осы ақ халаттылардың арқасында күні кеше болған коронавирус індетінің беті қайтты. Бүгінгі мамыражай тірлігіміз бен тіршілігімізде медицина саласы мамандарының орны бөлек.
Үшінші мегаполистегі медицина саласы турасында тарқата жазар болсақ, Шымкент қаласы жұқпалы аурулар ауруханасының ұжымын айналып өте алмасымыз анық. Ұйысқан ұжымның жемісті жұмысы турасында газетіміздің бұған дейінгі сандарында да тарқата жазғанбыз. Бұл жолғы материалымызға аталған медицина мекемесінің білікті кадрларының жан-жақтылығы себеп болып отыр. Толығырақ тоқсалсақ, ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде Шымкент қаласының орталық стадионында медицина қызметкерлері арасында спартакиада басталған болатын. Аталған шараға қаладағы медицина мекемелерінің ұжымы қатысып, жүзу, теннис, воллейбол, футбол, бильярд және өзге де спорт түрлері бойынша бақтарын сынады. Сайыстар тартысты өтіп, бәсеке жоғары болды. Десе де жарыс болатын жерде, жеңімпаз бен жүлдегердің болары анық. Бұл жолы жұқпалы аурулар ауруханасының командасы бірнеше жүлдені қанжығалап, мекеме мерейін үстем етті.
Теннистен өткен сайыс барысында мекеме қызметкерлері Фаррух Нигметов пен Шахноза Исманова жүлделі ІІ орынды иеленді. Осылайша аталған спорт түрі бойынша жұқпалы аурулар аураханасы командалық есепте ІІ орынға тұрақтады. Жүлде мұнымен шектеліп қалмады. Жүзу спортынан Мухаббат Каппарова ІІ орынға тұрақтады. Ал еркін жүзу бойынша Гаухар Жаңабаева мәре сызығына екінші болып жетіп, қанжығаға тағы бір жүлде салды. Міне, осылайша мекеме атынан қатысқан құрам ірі жеңіспен қайтты.
Жүлдеге ие болған қызметкерлер мекеме басшысына арнайы алғысын білдіреді. Себебі ұйысқан ұжымды басқарып, сайыстарға қатысып, команданың рухын көтеруде Шымкент қаласы жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Бақтығали Аюбайұлының алар орны айрықша. Білікті басшы спартакиададан соң жиын өткізіп, жүлдеге ие болған мамандарды арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірген.
Қазақ «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?! Адам жанын дерттен арашалауға саналы ғұмырын арнаған ақ халаттылардың салауатты өмір салтын ұстанып, іс жүзінде көрсетіп жатқанының өзі көңілге демеу, санаға сенім ұялатады…