МӘЖІЛІС ДЕПУТАТЫ ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫ ЕКІГЕ БӨЛУДІ ҰСЫНДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің кезекті Жолдауында балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» жаңа жобасын іске қосатынын айтқан болатын. Енді аталған жобаны жүзеге асыру бойынша Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов жаңа бастама көтеріп отыр. Халық қалаулысы әуелі мемлекет басшысының Ұлттық қор табысының 50 пайызын жас қазақстандықтарға бағыттау туралы ұсынысы халықтың үлкен қолдауына ие болғанын атап өтті.

Сонымен қатар ол Ұлттық қор қаражатын республикалық бюджет тапшылығын жабу үшін және түрлі мемлекеттік бағдарламаларға пайдалану «инвестициялық кірісті ұлғайту саясатына қайшы келетінін» айтты. «Ұлттық қордан ақша ала отырып, Үкімет Президент Жолдауында айтылған балаларға арналған инвестициялық табысты қысқартады. Сондықтан Ұлттық қорды екі қорға бөлу ықтимал нұсқа болуы мүмкін. Біріншісі – «резерв қоры», оны бюджет қажеттілігін қаржыландыру үшін пайдалануға болады. Екіншісі – «Балаларға Ұлттық қор». Оған Ұлттық қор активтерінің 50 пайызы беріледі және әрбір бала үшін арнайы шоттар ашылады, оларға барлық инвестициялық кіріс бөлінеді. Бүгінде Ұлттық қорға түсетін барлық мұнай кірісі осы қорлар арасында тең бөлінеді» — деді Мәжіліс отырысында халық қалаулысы.
Бұдан бөлек, депутат кез келген инвестициялық табыс тұрақсыз екенін атап өтті. «2001 жылдан бастап ұлттық қорымыздың орташа кірісі жылдық 3,7 пайыз болған. Бірақ Ұлттық қордың шығынға ұшырағанына кемінде 5 жыл болды, бұл — 2002, 2008, 2014, 2015, 2018 жылдар. Ұлттық қордың активтерін инвестициялық басқару үшін тиімділік пен жауапкершілікті арттыру қажет. Ол үшін Үкімет пен Ұлттық банк балаларға арналған Ұлттық қордың активтерін бөлу кезінде әртараптандыру және тәуекелді азайту талаптарын белгілейтін нормативтік құқықтық актілер әзірлеуі қажет. Бұл нормативтік құқықтық актілерде осы Қордың активтері есебінен сатып алынатын қаржы құралдарының тізбесі, сондай-ақ, әзірленген және бекітілген инвестициялық декларация болуы тиіс» деді Аманжан Жамалов.
Айта кету керек, алдағы уақытта балалардың шоттарына жыл сайынғы инвестициялық табыстың 50 пайызынан түскен қаражат олардың кәмелет жасына толғаннан кейін тұрғын үй сатып алуына немесе білім алуына жұмсалады.