ИНФРАҚҰРЫЛЫММЕН ҚАМТУ ІСІ ЖОҒАРЫ ҚАРҚЫНМЕН ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Шымкент қаласында инженерлік инфрақұрылым мәселесіне қатысты қыруар іс қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Нәтижесінде үшінші мегаполистегі көгілдір отын, сапалы ауыз су мен электр қуаты, сонымен қатар кәріз жүйесі мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков айтты.

Үшінші мегаполисте 81 елді мекен бар болса, соның 31-і табиғи газбен жартылай қамтылған. Ал 8 елді мекенге газ тартылмаған. Бүгінде халықты толықтай көгілдір отынмен қамту үшін қаладағы 15 нысанда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Брифингте осылай деген қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Боранбай Булатбеков жыл соңына дейін бірнеше нысанның құрылысы аяқталатынын жеткізді. «Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран 2 кезек, Сәуле елді мекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталатын болады. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылуға мүмкіндік алады» деді ол. Қазіргі таңда Шымкент қаласы тұрғындарының 93% табиғи газбен қамтылған болса, биыл бұл көрсеткіш 94,7%-ға артады.
Шымкенттегі елді мекендерді кәріз жүйесіне қосу үшін құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Қазіргі таңда шаһардың 54% кәріз жүйесімен қамтылса, биыл бұл көрсеткішті 60%-ға жеткізу жоспарланған. Осыған байланысты ағымдағы жылы 20 нысанда құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарға қойылған. Басқарма басшысының мәліметінше, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас-Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік шығыс, Хлопзавод-Шолохов, Жұлдыз елді мекендері кәріз жүйесіне қосылады. «Осы арқылы 64 мыңға жуық тұрғын кәріз жүйесімен қамтуға мүмкіндік алады. Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор, Тұран ішкі магистрал, Достық КНС (қайта құру), 74 га құрайтын Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады» деді басқарма басшысы. Жалпы Шымкент қаласының даму жоспарына сәйкес, 2022-2025 жылдары кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75%-ға артатын болады.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласындағы 81 елді мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал қалған 3 елді мекен ауыз суды кестемен тұтынуда. Бұл жөнінде басқарма басшысы «Көрсеткішті арттыру мақсатында биыл барлығы 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар – Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Текесу е/м, Қайнарбұлақ е/м, Еңбекші ауданының жаңақұрылыс аумақтары және Нұртас су жинақтағыш имараты» деп атап өтті.
Айта кетейік, Құрсай, Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Сонда шымкенттіктердің 99% сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.