СОЛТҮСТІК САЯЖАЙДАҒЫ САПАЛЫ ЭЛЕКТР ҚУАТЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛІП КЕЛЕДІ
Шымкент қаласы тұрғындарын сапалы электр жарығымен қамту жұмыстары қарқынды түрде жалғасып келеді. Мәселен, Абай ауданына қарасты Солтүстік саяжай шағынауданында электр желісі 90%-ға тартылды.
Ал жұмысты толық 100% аяқтау қыркүйек-қазан айларына дейін жоспарланған. Жұмыс біте салысымен «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан абоненттеу жүргізілетін болады. Айта кету керек, мұндағы құрылыс былтыр басталған еді. Бүгінге дейін 4737 электр бағанасы және 52 трансформатор орнатылып, 1149 шақырымға желі тартылды.
Айта кету керек, бұған дейін Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндаған болатын. Онда аудан басшысы «Абай ауданың аумағындағы 34 елді мекеннің 31-і (96%) мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Ал қалған 3 елді мекен (4%) жеке меншік трансформаторларды пайдаланады. Биыл Абай ауданы аумағы 100 пайыз электр жарығымен қамтылады» деген болатын. Спикердің сөзінше, аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 33-і сапалы ауыз сумен қамтылып, 97%-ды құрап отыр. 2022 жылы 5,2 млрд теңгеге 1 жобаның (Құрсай, Арғымақ) құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталып, елді мекендер сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.
Ауданның 8 елді мекені 115,9 мың адам (36,0%) орталықтандырылған кәрізбен қамтылған, қалған 26 елді мекен 207,0 мың адам (64,0%) кәрізбен қамтылмаған. Ал 2025 жылға дейін 59 пайыз орталықтандырылған кәріз жүйесімен қамтылады деп күтілуде. Сонымен қатар, аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 24 елді мекені (73,5%) табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 10 елді мекен қатты отынды пайдалануда. 2021 жылға дейін ауданындағы 71 көше жарықтандырылған болатын. Бұл көрсеткішті арттыру мақсатында биыл мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында аудандағы 111 (30) көшеге жарықшам орнатылды. 2023-2025 жылдары жарықтандырылған көше саны 259-ға жетеді.