500 БАЛАҒА ОҚУ ҚҰРАЛДАРЫ ҮЛЕСТІРІЛДІ
Оқу жылының басталуына да аз қалды. Баласының керек-жарағын әперу бүгінгідей қымбатшылық уақытта ата-анаға ауыр салмақ салып отыр. Әсіресе, тұрмыстық жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардың басты түйткіліне айналған. Десе де атқарылып, қолға алынып жатқан игі жұмыстар да жоқ емес. Осындай шарапаты мол бастамаға қарсаңында ҚМДБ-ның Шымкент қаласы өкілдігі ұйытқы болды. Нақтырағы, қала әкімдігімен бірлесіп, «Мектепке жол» акциясын өткізді.
Шара орталық мешітте өтті. Онда аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға оқушыларға арналған сөмкелер мен мектепке қажет құрал-жабдықтар тапсырылды. Шымкент қаласының бас имамы Бақдәулет Абдрахманов аталған бастама бүлдіршіндерге керек-жарақты үлестірумен қатар, оларға мейірім мен қуаныш сыйлау екенін айтады. «Дәстүрлі «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы биыл да жалғасын тауып жатыр. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы 7 бағытта қайырымдылық бастамасын өткізіп келеді. Бүгінгі іс-шара соның бір көрінісі. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деп дана халқымыз айтқандай өскелең ұрпақтың білімді, тәрбиелі болып өсуіне үлес қосу үшін осылай қуаныш пен шаттық сыйлағымыз келді. Жүрегінде мейірімі, иманы бар бала өскенде ата-анаға қамқор, елге адал қызмет етеді. Осы қайырымдылықты ұйымдастырған қала әкімдігі мен мешіт имамдарына және демеушілік көрсеткен азаматтарға алғыс білдіреміз» дейді үшінші мегаполистің бас имамы.
«Өзім 8 бала өсірген көпбалалы анамын. Келінім алтын алқа иегері. Балаларды оқу-құралдар мен киімін жеткізу машақатын жақсы білемін. Мектепке қажетті құрал үлестіру өте сауапты іс. Бүгінгі қайрымдылыққа жәрдем берген иманды азаматтарға көп рақмет. Жалғыз менің немерем емес көп бала осындай сыйлыққа ие болып отыр. Бүгінгі қайырымдылық көпбалалы отбасылар үшін дер кезінде көрсетілген көмек болды» деген 64 жастағы қала тұрғыны Жұмагүл Жакипова шараның көпбалалы отбасыларға үлкен қолдау болғанын айтады. Жалпы ағымдағы жылы ҚМДБ өкілдігінің ұйымдастыруымен 1000 баланы мектепке қажет құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарланған. Аталған шара барысында 500 бала сөмке мен оқу құралдарын алды. Енді қалған 500 балаға арналған заттар әр ауданның орталық мешіттерінде өз иелеріне үлестіріледі.