АУДАННЫҢ АЖАРЛЫ БОЛУЫ АУЛАНЫ ТАЗА ҰСТАУДАН БАСТАЛАДЫ
Туған жерге қамқорлық жасаудың кең тараған түрі сенбілікке шығу. Мұндай шара өткен аптада Сарыағаш қаласында өткізілді.
Сарыағаштықтардың туған жерге деген қамқорлығы сыналған бұл шарада жергілікті тұрғындар Төле би алаңын қоқыстан тазартты. Сонымен қатар сенбілікке қатысушылар С.Исмайылов, «Алып» және «Дәулет» базарлардың айналасына бей берекет тасталған қалдықтарды жинады. «Шымкент-Шыназ» трассасының бойын қоқыстан тазартып, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге айналаны таза ұстауды нақты іспен көрсете отырып шақырды.
Сенбілік жұмыстарына 25 адамның қолы тартылды. Тазалық жұмыстарын жеңілдету үшін 4 техника, 1 су шашатын арнайы көлік жұмылдырылды.
Шараның мақсаты айқын. Қоғам назарын көшелердегі тазалықты сақтауға және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бұру.
Өз кезегінде шараға қатысқан белсенділер бұл талаптың үдесінен шығу үшін міндетті түрде белгілі бір уақытта көше сыпырумен шектелмейтінін алға тартады. Әрбір тұрғын тазалық жұмыстарын жылдың барлық мезгілінде сақтауы қажет. Ол үшін өз үйінің ауласын сыпырып сиырып, таза ұстаса бұл олардың аудан тазалығына қосқан зор үлесі деп біледі.
Енді аудан аумағында сенбілік жұмыстары әр апта сайын тұрақты түрде жүргізілетін болады.