БЕСІНШІ АУДАНҒА ҚАНДАЙ АТАУ БЕРІЛЕТІНІ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

Шымкент қаласының кеңеюіне байланысты бесінші ауданның құрылғаны белгілі. Осы орайда, аталған ауданға атау беру мәселесі көтеріліп, әлеуметтік желіде талқыланған да еді. Енді жуырда ғана өткен Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясында күн тәртібіне сәйкес, бесінші ауданға атау беру мәселесі қаралды.

Шымкент қаласындағы бесінші ауданға атау беру туралы қала әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов баяндады. Ол қоғамдық тыңдау өткізіліп, жаңа ауданға «Алаш», «Жібек жолы», «Тұран», «Бадам», «Мәртөбе», «Яссы», «Құрлық» атаулары мен Ш.Қалдаяқов, А.Асқаров, Ж.Тәшенов есімдерін беру бойынша ұсыныс-пікірлер түскенін, көпшілік «Тұран» атауын қолдағанын, одан бөлек жергілікті қоғамдастық өкілдері, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйымдардың ұсынымдары да ескерілгенін атап өтті. Нәтижесінде сессия отырысында ҚР Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына «Тұран» атауын беру бойынша ұсынысты халық қалаулылары бір ауыздан қолдады.
Сессияда қала әкімі тарихи шешім қабылданғанын және аталған ауданды құру – заман талабы екеніне тоқталды. «Қаламызда халық саны жыл сайын артып, демографиялық өсім жоғарылап келеді. Сондықтан қала тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастырып, басқару деңгейін және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыруымыз қажет. Қаладағы аудандардың шекараларын бөлу қаланың Бас жоспары негізінде әзірленді. Сонымен қатар 2022 жылға арналған қала бюджет нақтыланды. Қосымша қаржы құрылыс жұмыстарын аяқтауға, қаланың инженерлік-инфрақұрылымын дамытуға бағытталатын болды» деді шаһар басшысы Мұрат Әйтенов.
Айта кету керек, жаңа ауданның аумағы 36,3 мың гектарды құрайды. Халық саны 220 мыңнан асып жығылады. Қаланың бас жоспарына сәйкес аудан аумағында, 2035 жылға дейін 1175 гектарға 2 325 мың шаршы метр жаңа көпқабатты тұрғын үй құрылысы жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, жаңадан құрылған аудан Шымкенттің әрі қарай дамуына тың серпін бермек.