МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАУ – ӘРБІРІМІЗГЕ МІНДЕТ
Елдің тыныштығы мен бейбітшілігі – баға жетпес байлық, құнды қазына. Осы бір ұғымның мәнін кешегі қанды қаңтарда айқын білдік, анық ұқтық. Теледидар мен ғаламтордан ғана көретін бүлікшілер мен бассыздардың әрекеті қантөгіс әкелетінін көзіміз көрді. Тәртіп сақшылары қаза болды. Тұрғындар ажал құшты. Бейбіт күнде әкесін іздеп, жылаған бала қалды. Ұлын жоқтаған ананың зары қоғамды теңселтті. Десе де тез арада қабылданған дұрыс шешімнің арқасында алапат қауіптің беті қайтты. Жауыздық пен зұлымдықтың жолы кесілді.
Оқиғаның әуелгіде бейбіт митинг ретінде басталғанынан баршамыз хабардармыз. Сұйытылған газ бағасының күрт қымбаттауы азаматтардың наразылығын туғызды. Адам көп жиналған жерде арам пиғылды көздейтін топтардың жүретіні белгілі. Мұның ақыры немен аяқталарын өз көзімізбен көрдік. Міне, осындай сын сағаттағы ең маңызды мәселе – оқиғаға нақты баға беру. Бағытын айқындап, бағдарын сараптап, шұғыл шешім қабылдау. Мұны көп те күтті. Осындай сын сағатта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеу жариялап: «Біздің сүйікті қаламызда құқық қорғау қызметкерлеріне жаппай шабуыл жасалып жатыр. Олардың арасында қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Бұзақы топтар әскери қызметшілерді ұрып-соғып, көшеге жалаңаш шығарып, мазаққа айналдыруда. Әйелдерді зорлап, дүкендерді тонап жатыр… Бұзақы топтардың әрекеттері жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын көріп отырмыз. Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің жан-жақты ойластырылған жоспары екенін дәлелдейді. Бұл – қаскөйлердің қитұрқы әрекеті» деді. Иә, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін мазаққа айналдыру мен қарапайым тұрғындарға қорлық көрсетудің астары игі мақсат емесі анық. Қала берді, жаппай тәртіпсіздік кезінде дүкендер тоналып, сауда орталықтары қиратылып жатты. Әкімшілік ғимараттар өртке оранды. Мұны елдің дамуын қалайтын, көркеюіне ниетті азаматтардың ісі емесі айқын болатын. Сондықтан еліміздің бірқатар өңірлерінде төтенше жағдай енгізіліп, қажет шаралар қолға алынды. Нәтиже де жоқ емес. Қауіптің беті қайтты.
Мемлекет басшысы 7 қаңтар күні жариялаған Қазақстан халқына үндеуінде «Естеріңізде болса, 2020 жылдың мамыр айында менің ұсынысыммен азаматтардың бейбіт жиналыстарды өткізуі туралы заң қабылданды. Бұл заң, шын мәнінде, елімізде демократияны ілгерілету бағытында жасалған маңызды қадам. Өйткені құжатта митингілер мен жиналыстарды өткізу үшін рұқсат алудың қажет еместігі, тек билік органдарына ескерту жеткілікті екені қарастырылған. Жиынды еліміздің кез келген қаласының орталығында өткізуге болатыны көрсетілген. Алайда қай жерде жиналып, не айтсақ та құқымыз бар деп санайтын кейбір «құқық қорғаушылар» мен «белсенділер» өздерін заңнан жоғары қояды. Осындай шолақ белсенділердің жауапсыз әрекеттерінің кесірінен полиция қызметкерлері өздерінің негізгі құқықтық тәртіпті сақтау қызметіне толық көңіл бөле алмайды. Оларға көбінесе зорлық-зомбылық көрсетіп, тіл тигізеді. Осындай «белсенділердің» кесірінен интернет бұғатталады. Нәтижесінде миллиондаған азамат пен отандық бизнес зардап шегеді» деді. Шынымен де, бірнеше күн интернеттен қол үзген тұрғындардың күнделікті қарбалас тіршілігі саябырсып қалды. Кәсіпкерлер де шаш-етектен шығынға батты. Шығын көлемі, мыңдап не миллиондап емес, миллиардтап есептелді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы тұтқындалды. Үкімет басшысы отставкаға кетті. Ел жаңа Үкіметтің жасақталуы мен мемлекет басшысынан тың бастамалар күтті. Ал Президент халықтың көкейіндегі өзекті мәселелерді тап басып, тиісті тапсырмалар берді.
Атап айтсақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы ұлттық экономиканы қайта құруға бағытталған міндеттер қойып, жаңа Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Олардың дені бұрыннан көптің көкейінде жүрген болатын. Негізгі бастамалар – нарықтық қатынастарды одан әрі дамыту, монополияны ауыздықтап, олигополияны жою, еркін бәсекелестікке жол ашу, заңсыз делдалдықпен айналысатын алыпсатарларды, кәсіпкерлікке тұсау болып келген қағазбастылық пен жемқорлықты жою, отандық бизнеске қолдау көрсету, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының, Қазақстан даму банкінің, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес кәсіпорындарына арнайы тексеріс жүргізіп, тиімсіз қызметтерді қысқарту, ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін арттыру, кедендік қызметтің тазалығы мен ашықтығына, тиімді жұмыс істеуіне қол жеткізу, оның ішінде қазақ-қытай шекарасында орын алып отырған экономикалық-контрабандалық қылмыстарды жою, негізсіз салынатын салықтар мен қайда кетіп жатқаны түсініксіз төлемдерді жою, халықты жұмыспен қамту мәселесіне асқан жауапкершілікпен жандасып, мәселені шешу. Аталған бастамалар бойынша Үкімет шұғыл іске кірісіп, мәселелерді шешуді қолға алып жатыр. Әрине, оған уақыт керек. Сонымен қатар Президенттің бастамаларын қуаттап, қолдап отыруымыз шарт. Сонда ғана еңсермейтін қиындық, алмайтын қамал қалмайды. Мұны кешегі қанды қаңтар оқиғасындағы бірлігіміз көрсетті деген ойдамын.
Қорыта айтсақ, қазақтың арғы-бергі тарихында елдің тағдыры таразыға түскен сын сағаттар көп. Қай заманда болсын тығырықтан бірлігімізбен ынтымағымыз алып шыққан. Мемлекет басшысының бастамаларын қолдау – әрбірімізге міндет. Себебі баршамыздың мақсатымыз бір – еліміздің дамуы. Сондықтан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдап, бірлесе биіктерді бағындырайық дегім келеді. Біздің ынтымағымыз мықты болса, еліміздің егемендігі нығая бермек. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, абыройымыз арта берсін!
Қанжігіт Ғани Қанжігітұлы,
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық
партиясынан сайланған Шымкент қаласы
мәслихатының депутаты